Машат шатқалындағы «Арман» лагері ашылды

1048

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы «Арман» балаларды сауықтыру лагерінде 2015 жылдың алғашқы демалыс кезеңі ашылды. Тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен жетім балалар санатындағы 300 бала жазғы демалыс кезеңінің алғашқы күндерін өзімен тетелес балалармен өткізуге мүмкіндік алды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

006

Лагерь басшылығы балалардың тыңғылықты демалуы үшін көптеген қызықты шаралар ұйымдастырмақ. Олардың қатарында түрлі спартакиадалар, әскери-патриоттық ойындар, жүзу мен бассейндегі ойындар, әркелкі байқаулар мен өзге де қызықты шаралар бар.

005

Сонымен қатар лагерьде бірнеше өнер үйірмелері де ашылып, жұмыс жүргізуде. Мұнда балалар 5 мезгіл аспен қамтамасыз етіледі. Демалушыларға ұсынылатын тағамдар санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес қатаң тексеріледі. Демалып жатқан балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту мәселесі де лагерьдегі медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында.

004

– Лагерьде балалар уақытын тиімді өткізіп, жақсы тынығады деп ойлаймын. Олардың әрбір күні қызықты өтуі үшін біз білім деңгейін анықтайтын викторина ойындарынан бастап спорттық жарыстарға дейін қамтылған жарқын бағдарламалар әзірледік, – дейді лагерь директоры Клара Динаева.

Биылғы алғашқы демалушылар легін қабылдаған лагерьде осы атаулы күнге орай салтанатты шара өтті. Кеште «Айгөлек» халықтық хореграфиялық ансамбль ұжымы мен әнші, композитор Марат Омаров өз концерттік бағдарламаларын ұсынып, балаларды үлкен қуанышқа бөледі.

003

Биыл жазда Оңтүстіктегі 24 жазғы сауықтыру лагерінде 50 мыңға жуық бала демалады деп күтілуде. Осы демалыс орындарына облыстан әлеуметтік тұрмысы төмен, жетім және жартылай жетім он мыңға жуық бүлдіршін лагерлерге тегін жіберледі.

Сондай-ақ 6500 бала өзге өңірлер мен шетелдердегі лагерлерге барса, қала ішіндегі оқушылар сарайының жанындағы «Балдаурен» лагері 600 баланы тегін қабылдайды.