Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы мен «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті арасында өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ортақ келісімге сәйкес екі тарап өзара тәжірибе алмасып, дін саласындағы өзекті мәселелерде ынтымақтастық байланыстарды нығайтуға уағдаласты. Атап айтқанда университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен оның түлектері өңірімізде жұмыс жүргізетін ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің біліктілігін арттыру, теолог мамандармен тәжірибе алмасу сынды өзекті міндеттерді өңіріміздегі салалық мемлекеттік органмен бірлесе жүргізбек.
Университеттің басшылығы және профессорлық құрамымен кездесу барысында облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б.Құрманғали өзара әріптестік байланыс орнатуға ниет білдірген қонақтарға алғысын білдіре отырып, дін саласында атқарылатын міндеттерге тоқталды.
Халықтың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанушы болып табылатынын алға тартқан Берік Құрманғали осы бағытта облыс әкімдігі тарапынан «Біз Құранды білеміз бе?» айдарымен телекөрсетілім желісі дайындалғанын айтып өтті.
Өз кезегінде сөз алған «Нұр-Мүбарак» Мысыр Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Жуда Абдулғани Басюни исламдық білім мен мәдениеттің дамуына, ғылым мен білімнің өркендеуіне үлес қосып отырған облыс әкімдігіне алғысын білдірді. Университет бүгінде дін саласы мамандарын даярлайтын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны екенін айта отырып, жергілікті мемлекеттік органдармен байланыстарды нығайтуға әрқашан дайын екенін жеткізді.
Қол қою рәсімінен соң сала мамандары мен мешіт имамдары, орта мектептердің «Дінтану негіздері» пәнінің оқытушылары, облыс орталығындағы діни оқу орындарының оқытушы-ұстаздары «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеттің профессорлық құрамы өткізген діни біліктілікті арттыру мақсатындағы семинар-тренингке қатысты. Аталған семинар екі күнге жалғаспақ.