Несие алып ұлын ұяға, қызын қияға қондыру, қала берді, шілдехана, бесік той жасап, ипотекаға алған үйіне, несие алып қоныс тойын жасау әлі де тиылар емес. Сонымен денсаулығыңыз жарамай қалды, жұмыстан шығарып жіберді, ай сайынғы төлемді төлеуге мүмкіндігіңіз жоқ. Мұндайда не істеу керек?
Ербол Азанбек, «Kaspi Bank» АҚ баспасөз хатшысы:
– Ондай жағдайда бірден банкке хабарласыңыз! Өсімпұл мен айыппұл, сотқа шақыртуды күтпей-ақ, банкке өзіңіз келіңіз. Банктер мұндай жағдаймен бірінші рет ұшырасып тұрған жоқ. Олардың форс-мажорлық жағдайда жасайтын ұсыныстары міндетті түрде болады. Банкке келіп, төлем қабілетіңіз аяқ асты нашарлағанын дәлелдеудің арқасында екі жаққа да қолайлы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Сіз ең болмағанда несие тарихыңызды дұрыс сақтап қала аласыз.
Мұндай жағдайды банктер жеке тәртіппен қарайды. Өз тарапыңыздан қаржылық жағдайыңыз бен төлем қабілетіңіздің нашарлағанын дәлелдейтін (еңбек келісім-шарты, жұмыссыз екеніңізді анықтайтын құжат және т.б) құжаттарды дайындаңыз. Мұндай жағдайда сіздің пайдаңыз үшін шешім қабылдау жеңіл болады. Банк әрі қарай сізге несиені қайта құрылымдаудың түрлі нұсқаларын ұсынады. Барлық келісу кезеңдерінен өткен соң, несие келісім-шартына енгізілетін өзгерістер туралы хабарлайды. Сіз келісіп, қол қойған соң күшіне енеді.
Мәселелерді шешу тәсілдері бірнешеу болуы мүмкін. Мысалы, сізге қолайлы несиелік кезең немесе несиенің негізгі сомасы бойынша уақытша демалыс беруі мүмкін. Бұл кезеңде сіз тек пайыздарды ғана төлейсіз. Бұл айтарлықтай аз сомма. Сондай-ақ банк несиенің төлем мерзімін ұзартуды ұсынуы мүмкін. Мұндай жағдайда ай сайынғы төлем азайтылып, жаңа төлем кестесі беріледі. Кесте несие бойынша сізге уақытша аяғыңыздан тұрып, төлем қабілетіңіз жақсарғанша, әрі несие тарихыңыз бен беделіңізді сақтап қалу үшін берілетін негізгі жеңілдіктер саналады.
Ал, ең қарапайым кеңес – несие алуға жауапкершілікпен келіңіз! Несие бойынша ай сайынғы төлем және оны төлеп біткенше қаражатты қайдан аламын деген ойда толғандыруы керек. Егер де бойыңызды тезірек несие алуға деген құштарлық жеңіп бара жатса, міндетті түрде келеңсіздіктерге ұрынуыңыз мүмкін.
Азамат Миркемелов, Еңбекші аудандық аумақтық сот орындаушылар филиалы, аға сот орындаушысының міндетін атқарушы:
– Несие алып, төлей алмай жүрген борышкерге заң тұрғысында жаза көріледі. Ең алдымен борышкерге сот шешімін өз еркімен орындау туралы хабарлама жіберіледі. Егер де сот шешімі сырттай шығарылған болса, онда борышкердің шағымдануға құқы бар. Берілген ескертуден соң қорытынды шықпаған жағдайда жылжитын немесе жылжымайтын мүліктер арестке алынады. Есептік шотқа шектеу қойылады. Бұл шектеулер сот санкциясы бойынша жүзеге асырылады. Егер де, борышкер жұмыссыз болса, «Атқарушы сот орындаушылар мәртебесі» заңы бойынша қарыз 100 айлық есептік көрсеткіш есебінен жоғары болған жағдайда мүліктен өндіру жайлы қаулы шығарылады. Кепілде тұрған мүлік сатылады. Ал, енді мүлкі жоқ болса, борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл жазадан соң да сот шешімі орындалмайтын болса,борышкер сот шешімімен қамауға алынады.
Лаура Сапарбекова