Оңтүстік Қазақстанда биыл жалпы саны 225 нысанның құрылысы жүруде. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық құрылыс басқармасының басшысы К.Орашов мәлім етті.
Аталған құрылыс нысандарына республикалық және облыстық бюджеттен 45,9 млрд теңге инвестиция тартылып отыр. Құрылысы жүргізіліп жатқан 225 нысанның 160-сы биыл пайдалануға берілсе, 65 нысанның құрылысы өтпелі.
Салынып жатқан нысандардың 101-і — білім беру, 25-і — денсаулық сақтау, 37-сі — тұрғын үй, 10-ы — спорт ғимараты, 13-і — мәдениет ошағы, 16-сы мемлекеттік мекеме мен тағы сол сынды түрлі ғимарат.
Брифингте басқарма басшысы Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы маңынан жаңа мұрағат пен көркем гимнастика спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатқанын баяндады.
– Инвесторлар есебінен жекеменшік сауда орталықтары мен медициналық мекемелер пайдалануға тапсырылып, бүгінгі таңда қонақтарды қабылдау үйі, зәулім мешіт пен жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы салынуда – деді К.Орашев.
Оған қоса басқарма басшысы тұрғын үй құрылысы артатынын да жеткізді. Қолда бар мәліметке сәйкес, соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысының қарқыны артқан. Мәселен, биыл тұрғын үй құрылысының көлемі 500 мың шаршы метрге жеткізілмек.
Сондай-ақ биыл облыс көлемінде 37 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Оның ішінде Шымкент қаласындағы «Асар» шағынауданында 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, «Нұрсат» шағынауданында 9 қабатты, 8 блокты «Бақыт» тұрғын үй кешенінің құрылысы басталған.
Ал «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 9 дәрігерлік амбулатория мен «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 7 аурухана салынып, биыл пайдалануға беріледі.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі