Оңтүстікте жыл басынан бері 13 мыңнан астам мәдени шара өтті

282

Оңтүстік Қазақстанда биылдың бес айында 13 мыңнан астам мәдени шара ұйымдастырылып, өткізілді. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Темірхан мәлімдеді.

‒ Өңірімізде жыл санап мәдени іс-шаралардың саны мен сапасы артуда. Мәселен, осы жылдың бес айында 4 республикалық, 11 облыстық деңгейде және клуб мекемелерінде 6225, кітапханаларда 7150, мұражайларда 320 көпшілік іс-шара өткізілді. Биылғы өткізіліп отырған шаралардың барлығы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халық ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы конституциясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, ‒ дейді Асылхан Темірхан.

Атап айтқанда, «Қазақстан халқы ассамблеясына 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы аясында өткізілген «Тайқазан – игілікті істердің символы», «Мерейлі мақсатымыз – мәңгілік ел», «Ұлы Жеңіске мың тағзым», «Ер есімі – ел есінде» шаралары мен «Қазақстан халқы ассамблеясы жылының бастау алу» салтанатты синхрон-акциясы, «Арай-2015» жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілердің байқауы, «Мәңгілік ел» патриоттық әндер фестивалі, «Наурыз» ақындар айтысы, республикалық ұлттық театрлардың фестивалі және «Театр көктемі-2015» облыстық театр фестивалі, «Уақытқа бағынбайтын естелік» суретшілердің байқау-көрмесі, «Жібек жолы айшықтары» ұлттық киім дизайнерлерінің байқау-көрмесі.

Бұған қоса А.Темірхан мырза мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесі 61 деректі фильм мен бейнематериал дайындап, 16 көрсетілім ұйымдастырғанын хабарлады.

‒ Мәселен, Мәуліт мерекесіне орай «Біз Құранды білеміз бе?», «Өтелмес борыш» фильмдері және қалалық балабақшалар мен мектеп-интернаттарда қайырымдылық мақсаттағы 8 анимациялық фильм көрсетіліп, «Ретро-фильмдер» апталығы ұйымдастырылды. ҚХА жылына орай бір бейнефильм, он бейнесюжет, Жеңістің 70 жылдығына арналған бір деректі фильм мен бейнероликтер топтамасы және 15 бейнесюжет әзірленіп, жарыққа шықты. Сонымен қатар облыста өткізіліп жатқан барлық іс-шараларға бейнероликтер дайындалды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі