Ордабасы ауданының шәкірттері ҰБТ тапсырды

4 маусым — ұлттық бірыңғай тестілеудің үшінші күні. Облыс бойынша бұл күні 10 тестілеу орталығында 4187 оқушы бағын сынады. Оның 375-і — ордабасылық түлектер.

001

Жалпы аудан бойынша 1134 мектеп бітіруші ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Бұл көрсеткіш мектеп бітірушілердің 67 пайызын құрайды.

Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің тест орталығына келген сынақ тапсырушылар жіті тексеруден өтіп, аудиторияларға жіберілді. Тексеру кезінде олардан 348 ұялы телефон мен жүзден астам шпаргалка тәркіленді.

Десе де сынақ барысында тәртіп бұзған оқушылар болған жоқ. Еске салайық, өткен жылы аталған ауданда сынаққа қатысқандар саны — 1120 түлек болған еді. Әрі тестілеу қорытындысы бойынша ордабасылық оқушылар орташа 72,6 балға қол жеткізген болатын.

Әлдібек Сәдірмек, №853 тестілеу орталығының бақылау коммиссиясының төрағасы: «Ордабасы ауданы бойынша бүгінгі екінші топ тест тапсырып жатыр. Алғашқы күні 375 бала тапсырған. Орта балл 74,1 болды. Бірінші топ тапсырған кезде ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Барлығы тиісті органдар тарапынан қадағаланды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері, бақылау департаментінен, республикадан келген комиссия мүшелері — барлығы келісімді жұмыс жасап жатыр.»