Оңтүстік Қазақстан облысы полицейлерінің Қазақстан Президенті әкімшілігінің басшысына жазған арызын ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметі тексеруде. Бұл туралы департамент өкілдері мәлімдеді.
Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары тілшілермен болған кездесуде негізі, қазіргі таңда иесінің аты-жөні жоқ домалақ арыздардың қаралмайтынын, дегенмен, ішкі істер департаментінде осы арыз бойынша тексеру жүріп жатқанын жеткізді.
Ал арыз иесі кім болуы мүмкін деген сұраққа Нұрғали Исахов бұған дейін қызметінен қуылған полицейлердің біреуі болуы да мүмкін деп қосты.
Ал аттары дауға іліккен үш инспектор жұмыстарынан қуылды. Әңгіме жүргізушіні тоқтатқан шымкенттік үш полицей туралы. Шоқан Уәлиханов көшесінің бойында инспекторлар көлік жүргізушісін жол жүру тәртібін бұзған деп тоқтатады. Ал жүргізуші алдымен кінәмді дәлелде деп, құжаттарын бермей қойған.
Оның үстіне жолаушының оқиғаның барлығын видеоға түсіріп тұрғанын көрген экипаждың командирі жолаушыға қол жұмсап, бейнекамераны құлатқанымен қоймай, бірнеше рет балағаттап жібереді. Осы тәртіп сақшылары ішкі істер департаментінің өзінде құралған комиссияның шешімімен жұмыстан шығарылды.
Нұрғали Исахов, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы: «Ол үшеуі жұмыстан кетті. Тек өздері атқарып отырған қызметтен ғана емес, құқық қорғау саласынан шығарылды. Ал басшы құрамы «қатаң» деген жазасын алды.»
Облыс тәртіп сақшыларының айтар жағымды жаңалықтары да бар көрінеді. Биыл облыс бюджетінен 600 миллион теңге бөлінбек. Ол қаржы инспекторлардың әрқайсысына видеожетонмен сатып алуға жұмсалады. Соның нәтижесінде тұрғындар мен тәртіп сақшылары арасындағы дауға нүкте қойылады дейді құқық қорғаушылар.
Осы қаржының өтеуі ретінде полицейлер жыл басынан бері заң бұзушыларға салған 810 миллион теңге айыппұлды айтуға болады. Бүгінде соның жартысынан астамы өндіріліпті. Бұл тұста біз Қазақстан бойынша 25 пайыз көрсеткішпен мақтана аламыз деді әкімшілік полиция басқармасының басшысы. Айта кету керек, Шымкентте 10 интеллектуалды қиылыс орнатылып, 24 фоторадар жұмыс істеп тұр.