Түлкібас ауданында Польша елінің кәсіпкерлері өнімді алма бау егуді қолға алмақ. Бұл туралы обыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстанның Польшадағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан мен Польша мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты, сауда-экономикалық байланысты арттыру мақсатында Варшава қаласында екі елдің билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар мен кәсіпкерлердің қатысуымен жиын болып өтті. Осы орайда екі мемлекет арасында «KZ-EURO-PL» Еуразиялық палатасы құрылды.
Палатаның құрамына машина жасау, аграрлық өнеркәсіп, энергетика, құрылыс салалары бойынша жұмыс атқаратын Польшаның жетекші компаниялары және 70-тен астам орта кәсіпорындары енді. Еуразиялық палата Қазақстанда «KZ-EURO-PL» пилоттық бағдарламасын Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Астанада іске асуына қолғабыс көрсетеді.
«KZ-EURO-PL» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі Қ. Абдуалиев «KZ-EURO-PL: Агросады» агралық компаниялар консорциумымен Түлкібас ауданы аумағында өнімді алма бауларын өсіру туралы меморандумға қол қойды. Бұл жобаны іске асыру бойынша жауапкершілік Польшаның ARNO компаниясына жүктелді.
Сонымен қатар Түлкібас ауданында жеміс-жидек сақтайтын логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. Аталмыш жобаны іске асыру туралы меморандумға Қ. Абдуалиев пен Polfrost көлік-логистикалық компаниясы арасында қол қойылды.
«Елшіліктің қолдауымен палатаның алаңында ашылған құрылыс материалдарын шығару, құрылыс, ауыл шаруашылық инжинирингі, машина жасау және т.б. консорциум өкілдері 2015 жылдың екінші жартысында Қазақстанға бизнес-миссиялармен баруды жоспарлап отыр» деп жазады Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми сайты.