Жетісайық түлектердің бірқатары үздік көрсеткішке қол жеткізіп, бөркін аспанға атып жатқанда, аудандағы №4 мектеп түлегінің жағдайы мүшкіл. Тестілеу аудиториясына оқушы қыздың орнына оның сүйіктісі кірмек болған. Бірақ айлакердің әрекеті әшкере болды.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде қыз болып киінген жігітті комиссия мүшелері танып қояды. Бақылаушы тараптың айтуынша, ол қызға ұқсауы үшін басына парик киіп, бет-әлпетін бояп, жасанып алыпты. Әзірге анықталғаны — жігіттің жасы — 20-да, Ақтөбенің тумасы, халықаралық жоғарғы оқу орындарының бірінде білім алады. Қазіргі уақытта құзырлы орган өкілдері күдіктіден түсініктеме алып жатыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=LCJRYMA4IfI[/youtube]
Нұржан Боранбаев, Мақтаарал ауданының прокуроры: «Жігітті ішке кіру кезінде комиссия мүшелері ұстады. Қазіргі уақытта аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 383-бабы бойынша енді ол жігіттен 200 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл өндіріледі. Қазір қыз бен жігіттің есімдерін атай алмаймыз, себебі түлектің жасы 18-ге толған жоқ. Және талапкер биыл тестілеуге қатыса алмайды».