– Нұрмахан Миятұлы, өткен жылдың қазанында аяқ астынан қызметіңізден кеткелі бері халық сізді жоғалтып алды. Оның үстіне өзіңіз де көпшілікке жиі көрінбей жүрсіз. Тіпті бүгінгі сұхбатқа келісіміңізді алудың өзі оңайға соқпады. Сәтін салып, жүздесіп отырмыз. Неге соншалықты қашасыз? Әлде халықтың ортасына шыға беруден жалықтыңыз ба?
– Жоқ, мүлдем олай емес. Мен елден қашқақтайтындай ешнәрсе бүлдіргенім жоқ. Қызметтен өз еркіммен кеткенмін. Оның да өзіндік себебі болды. Нақтырақ айтсам, өздеріңіз білесіздер соңғы 7 жылда Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаментіне басшылық еттім. Мен билік тізгінін қолыма алғанда халыққа еш зияным тимеді деп толықтай айта аламын.
Тарифті барынша бірқалыпты деңгейде ұстап тұруға тырыстым. Дегенмен 2009 жылы электр қуатының тарифін көтеру туралы Үкіметтің қаулысы шыққан. Ол 2009 жыл болатын. Тарифтің қымбаттауы 2015 жылға дейін жалғасатын болып бекітілген. Халықтың алдында жаман атты болғым келмей, 2014 жылдың қазанында өзім арыз жазып, қызметімнен кеткен жайым бар. Бәлкім талай жыл үздіксіз мемлекеттік қызметте жүргендіктен бұл саладан да қол үзуге тура келген шығар.
Бірақ, шүкіршілік деп айтайын, мен мемлекеттік қызметке келгенге дейін де кәсіпкерліктің дәмін татқан, бизнесте өз ісімді дөңгелеткен жанмын. Қазір сол салаға қайта бет бұрдым. Мемқызметте жүргенде бизнесім тоқырауға ұшыраған емес. Жұбайым, ұлдарым жүргізіп отырды. Дегенмен өзіңдей болмайды ғой. Қазіргі таңда бизнесте үлкен бір жобаны қолға алмақ ниеттімін. Ол бойынша Америка, Иран, Ресей, Түркия сынды елдердегі кәсіпкер достарыммен келіссөздер жүргізіп жатырмын.
Әзірге дәл қандай жоба екенін айтпай-ақ қояйын. Белгілісі, бұл жоба бұрын-соңды біздің облыс түгілі, елде қолға алынбаған. Қысқасы, бизнеске қайта оралдым. Осы ретте айта кетейін, біздің алыс-жақын шетелдерден үйренеріміз әлі көп.
– Демек, енді сізді саясат аренасынан көрмейміз бе?
– Ертеңгі күніміздің қандай боларын кім білсін?! Ішкі түйсігім түбі қайта саясатқа келерімді сезеді. Себебі мен мемлекетке жұмыс жасап үйренген адаммын. Тіпті сенесіз бе, 10 жылдай бала оқытқанмын. Дәнекерлеуші болғанмын. Кейін бизнеске келіп, тиыннан табыс жинап, айналымға салып, ісімді көркейттім. Ал мемлекеттік қызметке 2001 жылы келдім. 2004-2006 жылдары Бәйдібек ауданының, 2006-2007 жылдары Сарыағаштың әкімі болдым. Шынымды айтсам, мемлекеттік қызмет жаныма жақын. Қазақта «Кісі болар кісінің кісілерде ісі бар» деген бекер айтылмаған ғой. Саясатқа қайта келуім әбден мүмкін.
– Ісін өркендеткен, кәсіпкерлік саласында жолы болған адам ретінде айтыңызшы, бизнестегі стратегияңыз қандай?
– Қатып қалған қағида жоқ. Бизнесте шешімді тез әрі ақылмен қабылдауың керек. Сенесіз бе, қаншама жылдар бойы осы салада еңбек етіп жүріп демалу дегенді білмеппін. Таңертең ерте жұмысқа кетемін, қас қарайғанда үйге ораламын. Мақсатым тынбай еңбек етіп, перзенттерімнің тоқшылықта өмір сүруін қамтамасыз ету болды. Тіпті ол кездері бала-шағаммен сырласуға да уақыт тапшы еді. Ал қазір сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Әрине, ол үшін Жаратқанға тәубе деймін. Бүгінде перзенттеріммен бірге өткізе алмаған уақытымды қос немереме жұмсаудамын.
Бос уақытымда солардың қасында болуға тырысамын. Аталық ақылымды айтып отырамын. Негізі мен о баста шаштараз болуды армандадым. Бірақ, маған бизнестің төрінен орын бұйырыпты. Кішкене сұрақтан ауытқып кеттім-ау деймін (күліп). Стратегияға келсем, жоғарыда атап өткенімдей тынбай еңбек ету арқылы ғана белестерді бағындыра аласың. Тиіп-қашып жүріп, жолым болмады деу – әділетсіздік. Бизнес – жалқаулықты кешірмейді. Мен бұл ұстанымды балаларыма да үнемі айтып отырамын. Үш ұлым да өз ісімен айналысып жүр. Үшеуінің де өзіндік айтары, ауыз толтырып мақтанарлықтай жобалары бар.
Соның ішінде кіші ұлымның жақында қолға алғалы отырған жобасы көптің талқысына түсеріне сенемін. Ұлым ғаламтор арқылы шетелдіктермен байланыс орнатып, жаңа технология арқылы жылыжайда өнім өндіру әдісімен танысты. Ол технология Иран елінде енді қолға алынып жатыр. Соны біздің елде қолданысқа енгізбек ниеттеміз. Ол ешбір артық шығынсыз, табиғи әрі кәдімгі жылыжайдағы өнімнен 5-6 есе артық мол өнім алуға мүмкіндік береді. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, табиғи деп отырғаным, бүгінгі қолданыстағы жылыжайдағы өнімге қолданылатын химиялық тыңайтқыштардың қаншалықты зиян екені мен айтпаса да түсінікті.
Өзім қарапайым жылыжайда өскен қызанақ пен қиярдан мүлдем бас тартқанмын. Оның орнына қанша қолғабыс болса да үйімнің ауласына арық қазып, көкөністерді ектірдім. Күтіп-баптау жұмыстарын балалар жүзеге асырады. Барлығын өзім қадағалап отырамын. Есесіне жаз айының ортасына қарай табиғи таза көкөністерді тұтынатын боламын.
– Шаштараз болуды армандадым дедіңіз. Арманыңыздың өзгеруіне не себеп болды?
– Мектепті тәмамдаған соң шаштараздың оқуына түскенмін. Бала күнімнен спортқа жақын болып өстім. Күресті жақсы меңгердім. Студент кезімде училищенің атынан спорттық додаларға қатысып жүретінмін. Ал шаштараз оқуы тек 1 жылдық болғандықтан училище басшылығы мені оқу мерзімі 2 жылға созылатын басқа факультетке ауыстырды. Ол заман қиын кезең еді. Мұғалімнің айтқанына қарсы шығу деген ұғым жоқ. Әйтпесе талоныңнан айырыласың. Талон – нағыз күнкөріс.
– Айтпақшы, бізде табысты кәсіпкерлердің кітап жазуы белең алып барады. Ал сізді бұл жайт мазаламаған ба?
– Несін жасырайын, ердің еңселі жасы 50-ге толғанымда кітап жазу туралы ой мазалаған. Тек белгілі себептерге байланысты ол ойым жүзеге аспады. Арада бес жыл өткен соң, яғни, 55 жасқа келгенімде тағы да талпындым. Ол кезде де кедергілер болды. Енді Алла бұйыртса көреміз. Сәтін салса, өз оқырмандарым табыларына сенемін. Себебі қолға қалам алу мен үшін жат емес. Азды-көпті өлең шумақтарын жазатын әдетім бар. Сондай-ақ мен 1978 жылдан бері күнделік жазып келемін.
Әлі күнге дейін үзіліссіз жазылған күнделігім мен үшін тарихқа толы құндылық. Мәселен, үйдегі суреттер жинағындағы ескі суреттерді қарап отырсаңыз, ойыңызға сап етіп сол сәт еске түседі емес пе? Міне, күнделік те сондай. Күнделік – аты айтып тұрғандай күнделікті өмірден сыр шертеді. Бәлкім солардың бәрін жинақтап, кітап етіп шығарармын. Бәрін де уақыт көрсетеді.
– Отбасыңыз да оқырмандарды қызықтыратыны белгілі…
– Біз отбасымызбен бизнеске бет бұрған жандармыз. Жоғарыда атап өткенімдей мемлекеттік қызметте жүргенімде жұбайым, ұлдарым бизнеспен айналысты. Үлкен ұлымның жасы 31-де. Ортаншым 26-да. Кенжем 22-де. Ал қызым 14-те. Үш ұлымның да таңдауы бизнеске келіп тоқталды. Мен олар мемлекеттік қызмет секілді бағытты таңдайды деп ойлағанмын, бірақ олар өзгеге бағынғысы келмеген болар, кәсіпкерлікке бірден сіңісіп кетті. Ал қызым әлі кішкентай. Қай саланы таңдаса да мен тек қолдау көрсетемін. Бастысы, перзенттерімнің айналысатын іске деген қызығушылығы болғанын қатаң бақылаймын. Қызығушылықсыз ешбір ісің өңбейді. Талапқа да көп нәрсе байланысты.
– Сізді көпшілік өжет, намысшыл азамат ретінде таниды. Қызметте қатал басшы болғаныңызды да білеміз. Ал бала тәрбиесінде қаншалықты қаталсыз?
– Рас, қызметте қатал болғанымды мойындаймын. Себебі босаңсысаң, қызметкерлерің де босап, мойнына жүктелген жауапкершілікке жүрдім-бардым қарауы мүмкін. Бала тәрбиесінде де қатал екенімді мойындаймын. Әсіресе ұл тәрбиесіне келгенде ерекше қаталдық танытамын. Себебі ұлды бала күнінен тәрбиеге үйретіп алмасаң, өскенде бағынуы қиын.
Әрине, перзенттеріме әкелік мейірімімді танытып, маңдайынан сүйіп, ақылымды айтатын да сәттер жиі орын алып тұрады. Бәрі де өз орнымен. Себебі менің алған тәрбием сондай. Мені әкем: «Сен әулетті басқаратын, бастық болатын адамсың. Қара «волга» мініп жүресің» деп өсірген. Міне, көрдіңіз бе, мұның өзі баланы психологиялық тұрғыда алға ұмтылуға дайындайды. Реті келгенде мен де перзенттеріме жақсы сөзімді аяған емеспін.
– Мемлекеттік қызметте жүргенде «әттеген-айлар» болды ма? Оларға нақты тоқтала кетсеңіз…
– Жоқ, деп айтсам, шындыққа жанаспай қалар еді. Кез келген істің өз өкініші болатыны белгілі емес пе? Соның ішінде Сарыағашта әкім болып қызмет атқарғанымда әкімшілік іскерлік орталық салуды жоспарлаған едім. Тіпті орталықтың топотүсірілімін дайындап, оны салатын кәсіпкерді де тауып қойғанмын. Бірақ ол ойым жүзеге аспады. Бұл арқылы әрбір үй ағып тұрған ыстық су арқылы өз бизнесін ашып, емдік сауықтыру орнын күнкөріс көзі етеді деген жоспар болған.
Сондай-ақ сен қай жерде болмасын басшылық қызметте болғаныңда бір істі атқарсаң, артыңша келген жаңа басшы оны өзгесімен алмастыруға не одан арылуға талпынады. Қарапайым мысал, Сарыағаштың шекарасына үлкен тастан барыстың мүсінін орнатқанмын. Тұңғыш Президент саябағы да мен басшылық еткен кезде пайдалануға берілді. Айта берсем, ондай жұмыстар баршылық. Тек бізден кейінгілер ол жұмыстарды дұрыс аяқтай алмай жатты. Әлі күнге дейін кейбір жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылмаған.
Ондай жайттарды көргенде ««Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деп отырамыз. Тек «әттеген-ай» емес, мақтанышпен айта алатын да істер болды. Мәселен, мен көлік, индустрия және сауда басқармасын басқарған тұсымда қаладағы базарларға тазалық күнін бекіткен болатынмын. Ол біріншіден базарлардың санитарлық жағдайына оң әсер етсе, екіншіден саудагерлердің бір күн демалысқа шығып, үйдің өзге де шаруаларымен айналысуына мүмкіндік берді. Бұл ереже әлі күнге дейін сақталып келеді.
Сондай-ақ, 1996-2001 жылдары Сайрам ауданындағы «Қаратөбе» өндірістік кооперативін басқарған кезде «Жұлдыз», «Қарабастау» елдікеменінің халқына тұрғылықты үйлер салуына жер бөлгізіп, талай жанның алғысына бөленгенім бар. Елдің алғысын, ақ батасын алу – үлкен бақыт. Аллаға шүкір деп айтайын, Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы атандым. Ел Президентінің «Құрмет» орденінің иегерімін. Одан бөлек облыстық деңгейде де түрлі марапаттардан тыс қалып жатқаным жоқ. Сондай-ақ Қазақстанға еңбегі сіңген бапкермін. Самбодан спорт шеберлігіне кандидатпын. Мұның бәрі еңбектің жемісі, елдің алғысы.
– Бізде командалық басқару ұғымы әлі ұмытыла қойған жоқ. Оны кейбір шенеуніктердің өзі де мойындап жүр. Мұнымен келісер ме едіңіз?
– Пікірімді сұраған екенсіз, өз ойымды ашық айтайын. Мен талай жыл әкім, департамент басшысы, облыс әкімдікте аппарат басшысының орынбасары болған азамат ретінде айтар едім, бізде командалық басқарудың бар екенімен келіспеймін. Өзім қызмет ауыстырғанда өз адамдарымды соңымнан ертіп жүрген емеспін. Бірді-екілі жағдай болған шығар. Өйткені кез келген басшыға білікті маман қажет. Бірақ жаңа жұмыс орныма бара салып ауыс-түйіс жасамағанмын.
Егер өз жұмысына жүрдім-бардым қараса, амал жоқ, жұмыстан босатуға тура келеді. Өйткені сен қашанғы ол ескі кадр деп, оның жұмысын өзің атқаруға тиіссің? Себебі сенің де үстіңнен қарайтын басшың бар? Сенен де сұрау алынатын кез болады. Командамен жүретіндей ол басшы қарамағындағыларды сатып алған жоқ қой. Жылы орнында отырған қай маман қызметін ауыстырғысы келеді дейсің?! Сол себептен менің пікірімше бізде командалық басқару болмаған, ал орын алатын ауыс-түйістерді жұмыс істей алатын іскерлерді алып келу деп қабылдаған дұрыс. Өзім қанша жыл басшылық қызметте жүргеніммен мен үшін кадрлық бизнес деген мүлдем жат.
– Айтпақшы облыстық Ұлттық спорт федерациясының президенті ретінде бүгінде өткізіліп жатқан көкпарларға қатысты пікіріңізді білсек. Көкпар өткізу ата-бабасына ас беруші кәсіпкерлердің бәсекелестігіне айналған жоқ па?
– Өте орынды сұрақ. Меніңше, ас берерде өткізілетін көкпарлар бизнестің көзіне айналғаны қашан. Тіпті оған қойылатын ұтыс санын да ел-жұрт талқылап, ал оны ұйымдастырушы қалталы азамат ойын ұзаққа жалғассын деп түрлі қулыққа барып жатады. Мен 1995 жылдан бері облыстық Ұлттық спорт түрлері бойынша федерацияға басшылық етіп келемін. Содан бері талай қызықтың көкесін естідік те, көрдік те. Көкпар өткізудегі жүйе бұзылып барады. Ал спорттық көкпар жоғары деңгейде өтеді. Ол қатаң бақылауға алынған. Кезінде Ғани Ахметбаев, Әбілхан Дауылбаев, Мұрат Қыдырбай секілді ұлттық спорт жанашырларының басын қосып, спорттық көкпар ережесіне 80 пайыз өзгеріс енгізгенбіз. Сол кезде оған үрки қарағандар да болды. Бірақ, қазір спорттық көкпар жүйеге келді.
Жаппай көкпар өткізуге облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов те ерекше назар аударуда. Жақында біздің федерациямен келісе отырып, көкпар өткізудегі ережені бекіту туралы ұсыныспен шығыпты. Жақын арада ол ереже көпшілік назарына ұсынылатын болады. Осы ретте айта кетейін, былтыр Түлкібаста өткен көкпар атысқа ұласып, нәтижесінде бір шабандоздың оққа ұшқаны бәріміздің қабырғамызды қайғыстырды. Негізі қай аудан, қала болсын көкпар ұйымдастырылса, жергілікті әкімшілік, құқық қорғау органдарымен және де Ұлттық ат спорты федерациясының рұқсатымен әрі бақылауымен ұйымдастырылу керек.
– Құпия болмаса қолыңызда көкпарға салатын неше жылқыңыз бар?
– Бас-аяғы он жылқы. Ал бағасын құпия сақтайын. Белгілісі, бәрінің өзіндік құны, орны ерекше. Ешқандай да шетелден әкелінген емес, өзіміздің қарабайыр тұқымды жылқылар.
– Әңгімеңізге рахмет!