«Шаянға барсаң, әншімін деме». Облыстық «Мәдениетім-мерейім» байқауында бұл жолы бәйдібектіктер өнер көрсетті. Жұртты түрлі ән-күйлерімен тәнті еткен шаяндық өнерпаздар мәдени шараның жоғары деңгейде өтуіне барын салды.
Сайыс аясында Шаян халық театрының ұжымы алдымен жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» қойылымын сахналады.
Бұл жолы «Мәдениетім мерейім» байқауының сахнасына Бәйдібек ауданының өнерпаздары шықты. Ашық алаңда қатты жел тұрып, алдын ала жасалған декарацияларды бүлдіріп кетті. Ауа райы бірқатар қолайсыздықтар туғызды.
Десе де табиғаттың тосын мінезі шаяндық өнерпаздардың көңілін түсірген жоқ. Өз кезегінде жиналған көпшілік те тарқамай, киелі жерден келген мәдениет қызметкерлерін қуана қарсы алды.
Бәйдібектің би -төрелері ғана емес, хандық құрған дәуірі осы сахнада салтанат құрды. Ұлы далаға жүргізген биліктері, жетістікке бастайтын шешімдері де осында. Көпшілік Керей ханның уәжіне ғана емес, қазақтың тектілігіне, бұқараның бастамаларына тағы да куә болды.
Сахнада халық өнері қайта жаңғырды. Байқауда 7 бірдей өнердің жанрлары қамтыды. Ұлттық би, күй тартыс, дәстүрлі ән шеруі көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Бұл аудандағы мәдениет саласының дамуына жағдай жасалып отырғанын көрсетсе керек.
Айкен Темір, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары: «Бізде 27 мәдениет ошағы бар. Оның үстіне былтыр жаңа мәдениет ошағы қолданысқа берілді. Биыл Ақбастаудағы жаңа мәдениет орталығының құрылысы бітіп, қолданысқа беріледі. Алдағы уақытта да осындай мәдениет ошақтарын салып, мәдениетке деген қолдауымыз жүзеге асатын болады».
Мұхтар Қосыбай, көрермен: «Маған қойылым ұнады, ерекше әсерге бөлендім. Әсіресе жас әртістерге тәнті болдым. Халық театры болса да, өте шынайы ойнайтын актерлар. Шығармашылық табыс тілеймін!»
Бұл мәдени шараға Бәйдібек ауданының 300-ге тарта өнерпазы жұмылдырылған. Осынау облыстық байқаудың қорытындысы 27 маусым күні белгілі болмақ.