Шымкентте заңсыз сауда орындарын жою мәселесі күн тәртібінін түспей тұр. Қала әкімдігінің шағын мәжіліс залында тиісті сала жетекшілері бас қосты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Шымкент әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиынға «Нұр Отан» партиясының өкілдері, прокурорлар, депутаттар және құзырлы мекеме басшылары қатысып, қаладағы талапқа сәйкес келмейтін сауда нүктелерінің жұмысын талқыға салды.
Шымкент қаласы бойынша бүгінде заңсыз сауда нүктелерінің жалпы саны – 127. Олардың ішінде 78 ретсіз сауда орны тіркелген. Сауда жоспарындағы мақсатына сай емес 35 сауда қатары табылса, оны өз бетінше иеленгендер саны 14-ті құрайды. Атап айтар болсақ, Әл Фараби ауданында – 36, Абай ауданында – 35, Еңбекші ауданында – 46, Қаратау ауданында 10 заңсыз сауда орны бар.
Жиында қала аумағындағы заңсыз сауда орындарының жұмысы бойынша шаһар басшысы Дархан Сатыбалды тиісті мекеме өкілдерінің пікірлерін тыңдады. Сауда орындарындағы тәртіпсіздік төңірегінде өз ойын білдірген әкім заңсыздыққа жол бергендерге талаптың күшейтіліп жатқанын жеткізді.
– Қаламыздағы заңсыз сауда орындарының жұмыстары қатаң бақылауда. Қазіргі таңда осы мәселеде толықтай зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, бұдан былай заңсыз сауда жасағандарға жаза күшейеді. Бұл қаланың тазалығы үшін керек. Мысалы, таяуда қаламыздағы Громова көшесінде орналасқан «Темір» базарының жұмысы талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Осы бойынша сол маңдағы тұрғындардан арыз-шағымдар түсті. Біз сауда орнының басшылығына бұған дейін ескерту жасағанбыз. Бірақ нәтиже шығармады. Қазір мұндағы тәртіпсіздік тоқтатылды, – деді қала әкімі.
Ал «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов «Темір» базарындағы заңсыз сауда орындарының жұмысына шектеу қоюға дәрменсіздік танытқан тиісті сала мамандарын сынға алды.
Жауапты мамандар енді тәртіпке бағынбаған заңсыз сауда иелеріне ескерту беріліп, ол олқылықтар түзетілмесе, заң жүзінде жауапкершілікке тартылады деді. Осы орайда заңсыз сауда бойынша өз ойымен бөліскен Абай ауданының прокуроры Әбутәліп Мұстафаев кемшіліктер үшін кәсіпкерлерге қатаң шара қолдану керегін айтты.
– Бүгінгі таңда кәсіпкерлерді қолдау бойынша елімізде бірқатар заңдар бар. Кәсіпкерлер билік тарапынан үлкен қолдауға ие. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер өзінің қызметінде жер және сәулетке қатысты заңнамаларды бұза отырып, жұмыс жасауда. Кәсіпкерлер заңды мүлтіксіз орындауы керек. Егер кәсіпкерлер тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар орын алса, құзырлы органдар оған шара қолдануы қажет, – деді Әбутәліп Мұстафаев.