1 маусым — балаларды қорғау күні. Атаулы мерекеде шымкенттік балдырғандарға керемет тарту жасалды. Яғни, көптен күткен балалар пойызы жолға шықты. Қуанышқа кенелген балдырғандар өздеріне лайықталған вагондарға мініп, қаланы аралады.
«Балалар пойызы қайта жүредіні» естіген қалалықтар салтанатты шараға көптеп жиналды. Әсіресе, балғындардың қуанышында шек жоқ. Бірі тарту ретінде әнін айтты, енді бірі биін арнады. Барлығы қызыл лентаның кесілгенін асыға күтті.
Айта өтейік, «Қажымұқан» стансасынан «Тұлпар» стансасына дейінгі араны жүріп өтетін балалар теміржол локомотиві 1979 жылы сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровтың тікелей басқаруымен салынған. Жол ұзындығы – 8 шақырымға жуық. Бір нүктеден екінші нүктеге жету, шынайы теміржол нысандарына ұқсас болу жағынан бұл теміржолға тең келер нысан елімізде жоқ.
Әсем безендірілген вагондар жас жолаушыларын күтіп алды. Бұл күнді көп күткен ата-аналардың бойын сенімсіздік билегені соншалық, пойыздың әні-міне жүретініне көпке дейін сенбеді. Ал балалар пойызына жан бітірген жауаптылар бар-жоғы 27 күнде қараусыз қалған теміржолды реттеп, вагондарды әрлеп, локомативті жөндегендерін айтады. Бұл оңайға соқпапты.
Мұхтар Мұхаметжан, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры: «Біз осыдан жиырма жеті күн бұрын тапсырма алдық. Басында төрт жыл бойы тұралап тұрған пойызды қалай жүргіземіз деген уайым болды. Десе де ұжым болып, жұмыла жұмыс жасадық. Маман емеспіз, сондықтан болар, вагонды үш рет боядық. Локоматив 1976 жылғы, оның бұзылған бөлшектерін табу, жөндеу оңайға түспеді. Кеше жиырма алтыншы күн дегенде пойызды жүргізіп, «Тұлпар» станциясына барып қайттық. Берлинге ту тіккенмен бірдей болды (күліп). Әрине, бүгінгі күні балалар теміржолының жолағы составтың жүруіне жарамды. Ал локомотив пен вагондар сәбилер тасымалына қабілетті болғанымен, алдағы уақытта бағдаршамдарды жаңғырту, жолдың екі жағындағы қорған аумағын тазарту, рельстер мен шпалдарды түгелімен тексеруден өткізіп, жарамсыздарын ауыстыру, жетпей тұрған нысандарды салу сияқты үлкен жұмыстар бар».
Сонымен, пойыз жүрді. Әсіресе, балдырғандар қатты қуанды. Екі вагонға сексенге жуық жеткіншек отырды. Балалық шаққа саяхатты біз де жасадық. Балалардың қуанышын көзбен көрдік. Әсіресе, балдырғандардың және олардың ата-аналарының қуанышында шек жоқ.
Алмагүл Тастанова, қала тұрғыны: «Дәл пойыз жолдың бойында тұрамыз. Бұрындары жүріп-тұратын. Ол кезде балаларым тым кішкентай еді. Міне, олар өскен кезде пойыз да жүрді. Қуаныштымыз, балалардың мерекесінде осындай тарту жасаған қала басшыларына мың алғыс».
Терезеден балақайлар қала көрінісін жарты жолға дейін де тамашалай алмады. Өйткен, теміржолдың маңайы тұрғын үйге толып кеткен. Дегенмен, кездескен әрбір жанға терезеден қол бұлғап, өздерінің бақытты бала екендерін сезіндіргісі келді.
Айтпақшы, балалар пойызында да жолсерік жұмыс жасайды екен. Оларға жүктелген міндет тіптен қиын — балақайлардың қауіпсіздігін қатаң қадағалайды.
Сағындық Жанысбаева, жолсерік: «Мұндағы біздің міндет — балалардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Орындарына отыруларын, тұрып кетпеулерін қадағалаймыз».
«Тұлпар» станциясына жол тартқан пойыз іші балалардың күлкісіне толды. Қуаныштарында шек болмады. Бірақ, ұзаққа созылмады. Пойыз стансияға 200 метр қалғанда тоқтап қалды. Жарты сағат күткен ата-аналар шыдамсыздық танытып, жарты жолда түсіп жатты. Діттеген жерлеріне жаяулатып жетсе де көңілдеріне қаяу түспеді. Өйткен, көп жылдар бойы тұралап қалған балалар пойызының жүргеніне қуанышты.
Пойыздың діттеген жеріне жете алмаған себебін анықтамақ болдық. Сөйтсек, кеше ғана жөндеуден өткен теміржолдың қадауларын түн ортасында белгісіз біреулер ұрлап кеткен көрінеді. Мұны аласұрып жұмыс жасап жатқан жұмысшылар жеткізді.
Алғашқы сапарында діттеген жеріне жета алмаған пойыз осылайша кері қайтты. Бірақ, теміржолды жөндеушілер жас жолаушылар қайта аналып келгенше ақауларды реттеп қоятындарына сөз берді. Алда атқарылар жұмыс әлі көп дейді серіктестік басшысы.
P.S. Мақала жазылып жатқан сәтте анық болғаны — пойыздың екінші сапары аяқталыпты. Енді аптаның төрт күнінде балалар пойызы бағытқа шығатын болыпты. Күніне үш рет қатынайты пойыз билетінің бағасы — 400 теңге.