Шымкентте жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Шымкентте «Тілім — тірегім» атты кітаптың тұсауы кесілді. Екі мың дана болып жарықа шыққан бұл туындының авторы — Қазақстан журналистері одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби.

фото 1

Тіл жанашыры бұл кітабында 1990 жылдан бері күні бүгінге дейінгі мемлекеттік тілді қолдану, дамыту тұрғысында басылым беттерінде жарияланған мақалаларды жинақтапты. Туындының таныстырылымына автордың шығармашылық саласындағы әріптестері келіп, кітаптың мазмұнын талқыға салды.

Қабыл Тұрарұлы Дүйсенби 1959 жылы 26 наурызда ОҚО, Төлеби ауданында дүниеге келген. «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалы байқауының жеңімпазы. Кітап авторы бұған дейін де тіл және ономастика мәселелеріне арналған бірнеше әдістемелік құралдар мен кітаптарды жарыққа шығарған еді.

Қабыл Дүйсенби: «Бұл — кітаптың бастамасы ғана. Оған біраз жобалар кірмей қалды. Одан басқа да тың дүниелер болды. Кезінде бізде облыс әкімі болған кісі ана тіліне қатысты сұхбат берген болатын. Бірақ ол кісі орнынан кетіп, сұхбат шықпай қалған еді. Осы секілді тың дүниелер көп. Әсіресе ұлттық мәселелер, ұлттық ой және басқа да маңызды мәселелер туралы қалып кеткен дүниелер бар. Алдағы уақытта олар да жарыққа шығады деген ниеттемін.»