Шымкентте заңсыз казино табылды

320

Шымкент қаласында кезекті заңсыз ойынхана жойылды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Шымкент қаласындағы «Самал-2» шағынауданында заңсыз ойынхана жұмыс істеп тұрғаны туралы шұғыл ақпарат келіп түседі. Осы басқарма қызметкерлерінің жедел-іздестіру жұмыстарының барысында «Самал-2» шағынауданындағы үйлердің бірінде заңсыз жұмыс істеп тұрған ойынхана бар екені анықталды.

333

Заңсыз ойынхана ұйымдастырушысы Арыс қаласының 21 жасар тұрғыны болып шыққан. Жас жігіттің ойынхана жұмысын жүргізетін рұқсат қағазы жоқ.

Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде «Покер» ойынына арналған үстел, әртүрлі номиналдағы 900 фишка және 90 мың теңге тәркілеп алды.

222

Қазір аталған жәйт бойынша қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес (Ойын бизнесін заңсыз ұйымдастыру) қылмыстық іс қозғалып, заңды шешім қабылдау үшін іс құжаттары облыстық мемлекеттік кіріс департаментіне жолданды. Тергеу амалдары жүргізілуде.