Шымкенттің жасыл белдеуі 5 мың гектарға жетті

459

Шымкент қаласы айналасында жасыл белдеу жасауға қосымша 2,5 мың гектер жер бөлініп, оның жалпы көлемі 5 мың гектарға жетті. Жасыл екпелерді егу мен күтім жасау жұмысын жүргізетін «Жасыл аймақ» коммуналдық мекемесі құрылды.

Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Отаршиев мәлімдеді. Облыс аумағындағы орман қорының көлемі 3132,1 мың га жетіп отыр. Орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында тал-дарақтың 40-тан аса түрі өсірілуде.

Биылдың 5 айында ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында жаңадан 504 шақырым минералды жолақ салынып, бұрынғы 2490 шақырым минералдық жолақ жаңартылған, өртке қарсы 183 шақырым жол жөнделді.

Орман алқаптарында сұғанақтықпен күресу бағытында 186 рейдтік бақылау жүргізіліп, 49 заңбұзушылық фактісі анықталған. Заңды бұзғандарға 283,4 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар биылдан бастап «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» аумағында үш жыл бойы аң аулауға мораторий жарияланды. Бүгінгі таңда мұнда өсіп-өнген Бұхар бұғыларының саны 81-ге жетті. Бұғылардың гендік құрамын жақсарту мақсатында оларды сырттан әкелу және тұқымбақта еркіндікке жіберу жұмыстары жүргізілуде.

Өңірлік парктің Боралдай және Сырдария филиалдарында елік пен қырғауылдарды қолдан өсіру үшін тұқымбақтар құруға биологиялық негіздеме жасалуда. Сол сияқты Оңтүстіктің эндемигі саналатын Қаратау арқарларының емін-еркін қоныс аударуын қамтамасыз ету мақсатында экологиялық дәліздің жобасын дайындау жұмыстарын биыл аяқтау жоспарлануда.