Созақ халық театры Ұлы Отан соғысына қытысып, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің есімін жаңғыртты. Өнер ұжымы облыстық «Мәдениетім-мерейім» байқауында қаламгер Әлжаппар Әбішовтың «Мен өлмеймін» шығармасын сахналады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=9cqPCATwzhY[/youtube]
Қойылымның желісі бойынша Ұлы Отан соғысы жылдары Украина жерін неміс басқыншыларының басып алуы және ондағы майдангер Нұрлан Тайманның ерлігі баяндалады. Жауынгердің досы Павелдің де халықтың игілігі үшін берілген шахтаны сақтап қалу жолында басын өлімге тігуі көрініс тапқан. Тіпті жауды алдап соғу үшін «сатқынның» кейпіне енеді.
Соңында діттеген межеге қол жеткізді. Айта кетейік, Созақ халық театрының ұжымы осы спектакльді сахналау үшін үш жыл бойы дайындалған. Қоюшы-режиссері Нұрбек Сейілбековтың айтуынша қойылым әсерлі шығу үшін сценарийге толықтырулар енгізіпті.
Нұрбек Сейілбеков, Созақ халық театрының қоюшы -режиссері: «Немістердің бөлмелерін көрсетер кезде сахнаны қап-қара етіп алудың өзі сол кездегі соғысты, ондағы ауыр азапты білдіреді. Мазмұны ауыр музыкаларды қолдандық. Және мынау соңғы шешім жасаған сәтте де үлкен қызыл тудың түсіп, ананың ескеркішке барып, гүл шоғын қоюын өзім қостым. Мұндағы мақсатым азаттық таңын көрсету болды».