Түркістанда полицейлерге тап берген әйел қамауға алынды

264
Фото: //tengrinews.kz

Түркістан қаласының тұрғыны полицейлерді балағаттап, күш қолданғаны үшін қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Түркістан қаласында 2015 жылдың 24 маусымы күні кешкі сағат 18:00 шамасында Тәуке хан даңғылының бойында қызмет еткен жол-патрульді полиция тобының қызметкерлері жол бойында «Аялдауға рұқсат жоқ» деген таңбасы бар жерде тұрған «Ауди» автокөлігін байқап қалады.

Тәртіп сақшылары «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі, Түркістан қаласының 29 жастағы тұрғынынан құжаттарын көрсетуді сұрағанда ол жауап бермей, жол жүру куәлігі мен құжаттарын көрсетуден бас тартады. Сол кезде полицейлер оны әкімшілік хаттама толтыру үшін қызметтік автокөлікке отыруын талап етеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=z_YL3-M-FAQ[/youtube]

Кейіннен хаттама толтыру барысында полицейлерге жүргізушінің «Ауди» автокөлігінде отырған 27 жастағы жұбайы келіп, күйеуін жіберуін талап етеді. Жас әйел полицейлерді балағаттап, бір полицейдің погонын жұлып алып, оған жеңіл дене жарақаттарын салған. Сондай-ақ, әлгі әйелдің 25 жастағы інісі полицейлермен ерегісіп, оларға бағынбай, былапыт сөздермен балағаттаған.

Нәтижесінде мән-жайды анықтау үшін полицейлер құқықбұзушылық жасаған үшеуді де ұстап, Түркістан ҚІІБ-на жеткізді. Тексеру барысында әйел өзінің аяғы ауыр екенін, құрсағында 6 айлық бала бар екенін айтқан. Алайда тергеушілер медициналық анықтама сұрағанда, ол өзінің жалған ақпарат бергенін, жүкті емес екенін мойындайды.

Қазіргі таңда әйел қамауда жатыр. Оның үстінен қылмыстық кодекстің үш бабы — 378 — «Билік өкілін балағаттау», 379 — «Билік өкіліне бағынбау» және 380 — «Билік өкіліне күш қолдану» жәйттері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл факті бойынша қылмыстық кодексте 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына кесу не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы көрсетілген.

Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облыс аумағында полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен 187 жәйт тіркелген. Оның ішінде 131 факті сотқа жіберілді.