– Әлішер Хабибуллаұлы, алғашқы сұрақты газетіміздің айдарына сәйкес қойғалы отырмын. Оңтүстік жұртшылығы үшін жастығыңызға қарамастан іскер әрі білікті басшы ретінде жақсы танылдыңыз. Соңғы жылдары ел сізді жоғалтып алды. Қайда жүрсіз?
– Ер азаматтың міндеті – елге қызмет ету емес пе?! Кентау қаласының әкімі болғаннан кейінгі қызметім Қазақстан Республикасы Туризм және спорт агенттігінде жалғасты. Жалпы, бас-аяғы 10 жылдан астам мемлекеттік қызметті атқарған екенмін. 2013 жылдың наурыз айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып жатырмын. Өздеріңізге белгілі, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі елімізді әлемге танытар ұлттық жоба. Демек, осы жобаны абыройлы атқарып өту – артылып отырған үлкен міндет. Осы бағытта ауқымды істер жасалып та жатыр. Мен де бар күш-жігерімді халқымыздың мәртебесін көтеруге жұмсасам деймін.
– Біздің өңірде ең жас әкімдердің бірі болып есте қалдыңыз. Кентауға әкім болған жылдары қызметте «былай жасау керек еді» деп кейіннен өкінген сәттер болды ма?
– Кез-келген адам өз ісіне сын көзбен қарауы тиіс. Жақсысы мен жаманын талдап, іштей ой түюі міндетті. Сондықтан ең бастысы – алға қарай ұмтылу.
– Айтпақшы, әкім болған тұсыңызда командаңызда өзіңіз қатарлылар көп болды. Күні бүгінге дейін айналаңызға жастарды жинап жүрсіз бе?
– Негізі менің ойымша, жарқыраған жастардың жалындаған күш-қайраты мен өмірден көрген-түйгені көп, білікті де, білімді аға буынның мол тәжірибесін біріктіргенде ғана еткен еңбек өнімді болып, іс алға басады. Кейінгі толқын мен аға толқынның синергиясы – үлкен мақсаттарға қол жеткізеді. Айталық, қазіргі ұжымда қызметкерлеріміздің жас ерекшеліктері әр түрлі.
– 2000-2003 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігінің ОҚО бойынша басқарма басшысы болғаныңызды білеміз. Одан бері 12 жыл өтіпті. Бүгінгі мемлекеттік қызметкерлерге көңіліңіз тола ма? Қазіргі тест жүйесіне қандай пікірдесіз?
– Мемлекеттік қызметкерлерге көңілім толады. Еліміздегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы ілгерілеушіліктер, көзге көрінбейтін ауқымды жұмыстар осы мемлекеттік қызметкерлердің арқасында жасалып жатыр емес пе!?
Біршама уақыттан бері мемлекеттік қызметте емеспін. Сондықтан қазіргі тест жүйесіне қатысты ештеңе айта алмаймын. Тек бірқатар өзгерістер мен толықтырулардың енгізіліп жатқандығын ақпарат құралдары арқылы естіп жүрмін. Жалпы, тест жүйесі – мемлекеттік қызметке таңдаулы да үздік, білікті де білімді, мықты да майталман маманды іріктеуге бағытталған. Сондықтан мұндай өзгерістердің орын алуы тек жүйені жетілдіретіндігіне шүбә келтірмеймін.
– Бізде шенеуніктер туған жеріне қызметке баруға құлшынып тұрушы еді. Ал сіздің туып-өскен жеріңіз Түркістанда еңбек етпеуіңіздің сыры неде?
– Қазақта «Атаңның ғана баласы болма, халқыңның баласы бол» деген ұғым бар. Сондықтан қай жерде жүрсем де мен ең алдымен, халқыма қызмет етіп жүрмін. Елімнің мәртебесін көтеруге титтей болса да үлес қоса алсам, одан еш аянып қалмасым анық.
– Туған жеріңізге жиі барып тұрасыз ба?
– Әрине! Мүмкіндік болса жиі баруға тырысамын. Бірақ, жұмысбасты болғандықтан жылына бір-екі мәрте ғана бара аламын.
– Перзенттеріңізді жиі жіберіп тұрасыз ба?
– Еліміздің алтын бесігі — ауыл ғой. Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, үлкенге ізет, кішіге құрмет деген ұлы қасиеттерін балаларымыз ауылдан ата-әжелерінің тәрбиесі арқылы сусындайды. Менің де үш ұл, бір қызым бар. Үлкені жоғары оқу орнының студенті, екіншісі биыл мектеп бітіріп жатыр. Кіші екеуі мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушылар. Ата-әжесінің мейірімін сезініп, тәрбиесін көру үшін мүмкіндік болып жатқанда ауылға жіберіп тұрамын, әлбетте.
– Бізде талай жыл мемлекеттік қызметтің дәмін татқандар арада жылдар өткен соң бизнеске кетуді жөн көреді. Ал сіз ше? Кәсіпкерлікке біржолата бет бұру жоспарыңызда жоқ па? Әлде ол іс қолыңыздан келмей ме?
– Қазіргі мақсат – 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу. Әлемдік аренада мемлекетіміздің имиджін нығайту. Сондықтан бүгінгі күні осы бағытта еңбек етіп жатырмын. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген бар. Кейінгісін уақыт көрсетер.
– Айтпақшы, ЕХРО-2017 көрмесіне қанша ел қатысатын болды?
– Бүгінгі күнге 139 мемлекет пен 12 халықаралық ұйымға шақыру жіберілді. Нәтижесінде 27 мемлекет және 4 халықаралық ұйым қатысатындығын растады. Биыл 80-ге жуық ұсыныс аламыз деп отырмыз. Жалпы, 100-ден аса мемлекет пен 10 халықаралық ұйымның қатысуы жоспарланған.
– Қонақтарды қандай жобалармен таң қалдырамыз деп жоспарлап отырсыздар?
– 2017 жылы Елордамызда өткізілетін халықаралық көрме тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Баламалы, қалпына келтірілетін қуат көздерін пайдалану, энерготиімділік, энергияны өндіру, тұрақты қуат көздері деген мәселелер бүгінде бүкіл әлемді толғандырып отырғаны анық. Сондықтан көрмеге қатысушылардың қызықты дүниелерді ұсынары белгілі. Ең бастысы, көрме өзінің бірегей архитектурасымен көпшіліктің көңілінен шығады деген үміттеміз.
Бәсекеге толы бүгінгі жаһандану дәуірінде біз ұлтымыздың бет-бейнесін, болмысын ертеден келе жатқан мәдени мұраларымыз бай мазмұнды жәдігерлеріміз арқылы әйгілей аламыз. Осы арқылы біз тәуелсіз еліміздің елдігін, бірлігін көрсете аламыз. Қонақтарымызға бір шаңырақ астында ынтымағы мен бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекетіміздің сан ғасырлар бойғы қалыптасқан төл тарихы мен татулығын, рухани құндылықтарға толы салт-дәстүрін, көздің қарашығындай сақталған мәдениетімізді көрсететін боламыз. Бұл Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр емес пе!?
– Соңғы сұрақ, «Қазақстан-2030» стратегиясын орындадық деп. «Қазақстан-2050» стратегиясының жоспарын түздік. Шыныңызды айтыңызшы, біз расымен де «Қазақстан-2030» жоспарын орындай алдық па?
– Ұлы істерді жүзеге асыру үшін биік мақсат қоя білу керек. Біз болашақты бағамдаған сәтте қайда, қалай баратынымызды, қандай жетістікке жете алатындығымызды нақты білуіміз керек. Бұл ретте, тәуелсіздік алған жылдары еліміздің жағдайы мәз емес болатын. Яғни, осы жылдары біз бас-ты мақсатымыздан ауытқымай, алға ұмтылуымыз қажет еді.
«Қазақстан — 2030» Стратегиясында: мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту деген маңызды міндеттер тұрды. Стратегия осыған бағыт-бағдар берді.
Қазіргі күні ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел өзгерді. Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.
Халқымыздың әл-ауқаты жақсарды, зәулім ғимараттар, заманауи емханалар мен мектептер салынып жатыр. Ауыл-еліміз де көркейіп, мемлекетіміз өркендеуде. Біздің едәуір жетістіктерге жеткендігіміз хақ.
Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, орнықты дамуды жалғастыру. Ендігі жаһандық қауіп-қатерді ескеруіміз қажет. Сондықтан мемлекеттің жаңа деңгейге шығуы үшін Елбасының көрегенділігімен «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданып, еліміздің жаңа бағыты айқындалды.
– Дегенмен стратегиялық жоспардағыдай бәрі керемет, елдің жағдайы өте жоғары деңгейде деп те айта алмаймыз ғой. Келісесіз бе?
– Мен былай дер едім. Бүгінде біздің еліміз тыныш, халқымыз бейбіт, аспанымыз ашық мемлекетте өмір сүруде. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз, егемен еліміз бар. Бар болғаны жиырма жылдан аса уақыт ішінде Қазақстан әлем танитын мықты мемлекеттердің біріне айналып келеді. Ол Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. «Біріміз басшы, қалғанымыз қосшы» болып, елді одан әрі өркендету бағытында аянып қалмауымыз керек. Демек, елдің жағдайын жақсарту, өсіп-өну бағытында әрқайсымыздың атсалысуымыз – міндет. Бұл біріміздің ғана емес, баршамыздың азаматтық парызымыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №22, 03.06.2015