Мың бұралып билеген бишілер және ұлттық дәстүрін насихаттаған жастар. Достық пен бірліктің үлгісін көрсеткен оқу ордасынан бұл күні түрлі ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университеті Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай ерекше іс-шара өткізді. Мұнда оқитын 13 түрлі ұлт өкілдері өзара сынға түсті.
Оңтүстікте өзге ұлттар арасында халықтың ең көп бөлігін өзбектер құрайды. Өнер сайысына ерекше дайындықпен келген өзбек ұлттық орталығының жастары бүгін ұлттық аспапта өнер көрсетіп, қазылар алқасының көңілінен шықсақ дейді. Әрі Ассамблеяның 20 жылдығы қарсаңында өзге елдермен достастықты нығайтуға үлес қоспақ.
Ал мынау — ұйғыр халқының бай дастарханы. Сайысқа қатысушы қос қыз Шымкентте туып-өскен. Қазақ сыныбында тәлім алған олар инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінде білімдерін жалғастыруда. Халқымыздың барлық қасиетін бойларына сіңіріп өскен жастар өз ұлттарының ұлттық тағамдарын насихаттамақ.
Шара кезінде шәкірт тәрбиелеуде ерекше көзге түсіп, жетістікке жеткен ұстаздардың еңбегі еленді. Арнайы дипломдармен марапатталып, оқу ордасын басшысының алғас хатына ие болды.
Достықтың ұйтқысындай болған Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінде 30-ға жуық мамандық бойынша 13 мыңнан астам студент білім алады. Ал татулық пен бірліктің үлгісін көрсететін шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.