Шымкентте полицейлер мен өзге де құқық қорғаушылардың ұйымдасқан әрекетінің нәтижесінде террорлық акті туралы жалған хабар берген азамат ұсталды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
29 маусым түні сағат 23:30 шамасында ОҚО ҰҚКД-нің кезекші бөліміне белгісіз біреу қоңырау шалып, Шымкенттегі көп қабатты үйлердің біріне жарылғыш зат қойылғаны жайлы хабарлайды.
Оқиға орнына тез арада полиция қызметкерлері мен ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мамандары, құтқарушылар мен жедел жәрдем дәрігерлері келіп жетті. Тәртіп сақшылары айналаны қоршап, көп қабатты үй мен оған жақын нысандардан адамдарды қауіпсіз жерге шығара бастады.
Содан кейінгі шұғыл операция нәтижесінде ОҚО ІІД экстремизммен күрес басқармасының қызметкерлері 52 жастағы ер кісіні үйден шығарып, қолға түсірді.
Саперлардың мұқият іздестіруінен кейін үйден және оған жақын жерден ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Тұрғындар өз үйлеріне қайтып оралды.
Қазір бұл факті Абай полиция бөлімінде тіркелген. Ұсталған азаматтың үстінен «Террорлық әрекет жайлы жалған хабар беру» бабына қатысты қылмыстық іс қозғалды.