Қаратау полиция бөлімінің полицейлері жасөспірім балаларды алдап жүрген алаяқ қызды құрықтады. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
2015 жылдың 6 маусымы күні полиция бөліміне 31 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз тұлға үйіне келіп, жас баласының сеніміне кіріп, туысымен деп алдап, шкафтың ішінде тұрған құны 42 000 теңгелік алтын алқасын, 6 000 теңгелік күміс сырғасын алып кетіпті.
Тәртіп сақшылары жедел іс-шаралар жүргізіп, Төле би ауданының 24 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті азаматша бұған дейін сотты болған. Еш жерде жұмыс істемейді.
Тергеушілер алаяқтың жыл басынан бері жәбірленушілерге жалпы құны 1,5 млн теңге шығын келтіргенін анықтады. Айғақты заттардың бір бөлігі тәркіленіп алынған.
Қазір күдікті тергелуде. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктінің 10-нан астам алаяқтық іске қатысы бар екені анықталды.
Осы орайда облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері кімде-кім осы алаяқ азаматшаның құрбаны немесе куәгері болса, Қаратау полиция бөліміне хабарласуын сұрайды. Кезекші бөлімнің телефоны: 47-60-02