Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында ауқымды нысандар шоғырланған. Мұнда спорт қалашығы қалыптасып келеді. Садақ ату, орталық су спорты және жеңіл атлетика кешені мен даңқты спортшылар аллеясы бар.
Аталған нысандардың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқаны туралы тиісті сала басшылары журналистерге есеп берді. Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі олимпиадалық спорт ойындарының 9 түрінен спортшылар дайындайды. Қабырғаға оқ ату, садақ ату және таэквондо түрлерінен жаңа бөлімдер ашылып, жұмыстар жүргізілуде.
Балғабай Тезекбайұлының айтуынша, мұнда республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар ұйымдастырып, оқу-жаттығулар өткізуге толық мүмкіндік бар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар жоғары спорт шеберлігі мектебінде 9 Қазақстан республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, 108 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 500-ге жуық спорт шеберлері тәрбиеленген. Бұған қоса осы мектепте еңбек еткен 41 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағын иеленген.
Басқосуда орталық су спорты кешенінің басшысы да есеп берді. Бауыржан Бөріқұловтың айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын бой көтерген кешенде жүзуге жаны құмар жандар үшін барлық жағдай жасалған. 600 бала аптасына 6 рет тегін жүзумен айналысады.
Олар 2014 жылдың өзінде 4 республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Айта кетейік, бір ғана 2014 жылы қаламыздың 90 мыңға жуық жас өркені осындағы хауызға түсіп, пайдалы спорт түрімен айналысқан.
Мамыр айында өткен республикалық жарыста Оңтүстік сайыпқырандары 909 ұпаймен қарсылас командаларды басып озып, жүзу спортының жүйрігі атанды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі