Оңтүстікте қауын-қарбыздың маусымы қызып тұр. Келісі 15 теңгеден бастап 30 теңгеге дейінгі аралықта саудаланып жатқан өнімді күнгейліктер күнделікті тұтынуды әдетке айналдырған. Қала базарлары мен дүкен сөрелері толып тұр. Ал оның сапасы мамандардың қатаң қадағалауында.
Қауын-қарбызды сүйсіне жейтіндердің қатары артқалы базар сөрелері лық толған. Көздің жауын алатын бақша өнімдері Мақтаарал және Шардара аудандарынан тасымалданып жатыр. Қарашаның қамын ойлаған мамандар дақылдарды жіті тексеріп, нитраты артқандарын кері қайтарып отырады. Талапқа бағынбайтындар базар аумағына кіргізілмейді не айып төлейді екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HhjEZXLAs_s[/youtube]
Нұргүл Сәрсенбек, зертхана қызметкері: «Күнделікті түскен қарбызды күнде тексереміз. Рас, алғашында, ерте көктемде нитраты өте жоғары қарбыз-қауындар кездесті. Яғни, көп дәріленген. Ал қазір уақытта қалыпқа түсті, өнім өзі пісіп жатыр. Ол денсаулыққа зиян емес».
Дінмұхамед ерте көктемнен бері қауын-қарбыз сатады. Соңғы бір айда елу тонна өнімді саудалап үлгеріпті. Қарбыздың келісін — 25-30, ал қауынды 30-35 теңгеден сатып отырған кәсіпкер ешқандай тұтынушысының шағым айтып келмегенін айтады.
Қазіргі таңда қауынға қарағанда қарбыз өтімдірек. Сұраныстың артуы күннің күрт ысуына да байланысты дейді сатушылар. Сондықтан өнімдерін барынша көлеңкелеп, күннің көзінен қорғап бағуда. Ал қала тұрғындары маусым кезінде денсаулыққа ешқандай зиян келмейтініне әрі өнімнің толықтай пісіп жетілгеніне сенімді.
Десе де сақтықта қорлық жоқ екенін ескерген жөн. Мамандар қарбызды ұзақ сақтамауға, салқындатып тұтынуға кеңес береді. Әрі базардан не көшеден сатып алғанда сапасына мән берген жөн.