«Астана күніне тарту — 75 нысан» акциясы аясында Қазығұрт ауданында үш білім ошағы ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек бұл күні әкімдікке қарасты құрылымдық мекемелер де ашылды.
Енді типтік үлгідегі жаңа ғимараттар ауылдарға ерекше көрік беретін болады. Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты Қосағаш елдімекеніндегі 328 оқушы жаңа оқу жылында жаңа мектепке баратын болды. 300 орынға лайықталып салынған ғимараттың құрлысына облыстық бюджеттен 470 млн теңге жұмсалды. Нысан 2 жылда салынып бітті. Сапасына бес жылға кепілдік бар.
Сонымен қатар Тұрбат ауылдық округіне қарасты Еңбек елді мекенінде де 200 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Соңғы үлгіде салынған білім ошағында физика, химия, еңбек пәнінің сыныптары толықтай жаңа үлгідегі техникалық жабдықтармен жарақталған. Яғни шәкірттердің терең білім алуына барлық мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек Қарабау ауылдық округіне қарасты Үшбұлақ елдімекенінде 300 орынды білім ошағы пайдалануға берілді. Құлмат Өмірәлиев есімін алған мектеп толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Айта кету керек, биыл ауданда алты бірдей білім ошағының құрылысы басталмақ. Алла бұйыртса, оның барлығы келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.