«Келіншек күйеуін пышақтап өлтірді». «Есірткі сатқан әйел ұсталды» деген ақпарларды жиі еститін болдық. Мұндай келеңсіз жағдайлардың көбейіп кеткені соншалық аса көп мән бермейтін жағдайға жеттік. Себебі нәзік жандылар тарапынан жасалатын қылмыс өршіп барады.
Десе де бүгінде қоғамды қылмыстардың саны емес, сол әйелдердің қатыгездігі алаңдатып отыр. Мәселен биылдың өзінде өңірде жаға ұстатар бірнеше жағдай тіркелді. Сарыағашта төрт баланың анасы екі перзентін буындырып өлтірсе, Шымкентте өзіне сеніп тапсырылған балаларды өлімше етіп сабап, біреуін бақилық еткен күтуші сотталды.
Қала берді жаңа туылған сәбилерді саудаға салған перзентхана дәрігерлері мен сыбайластары қамалды. Өз баласына болсын немесе өзгеге қиянат жасаған нәзік жандылар қалай болғанда да жазадан құтылмайды. Сот алдында жауап береді. Осы ретте біз облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында болып, судьялармен өзекті мәселені талқыға салдық. Алдымен сөз алған сот төрағасы Жәнібек Сейтжаппаров әйелдер негізінен материалдық жағдайын жақсарту үшін қылмысқа барады деді.
Жәнібек Сейітжаппаров, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі маманданды-рылған ауданаралық сотының төрағасы: «Мен жуырда адам өлтірген екі әйелге қатысты істі қарадым. Екеуі де отбасылы, бала-шағасы бар келіншектер. Бірақ ішімдікті жақсы көреді. Екеуі оңай жерден олжалы болғысы келіп, жалғыз тұратын зейнеткерді жағалап жүреді. Көмектеседі. Сеніміне кіреді. Сөйтіп арам ойларын жүзеге асырмақ болған. Түнгі төртте келіп, зейнеткердің есігін аштырады. Ұрып-соғып ақшаны жасырған жерін айтуды талап еткен. Бірі денесін пышақтап, қорқытса, екіншісі ақшаның орнын іздейді. Ақыры 300 мың теңгені табады. Екеуі кезек-кезек денесіне пышақ сұғып, егде жастағы әжені бақилық етеді. Ақшаны бөліп алып, жаратады. Бірақ қылмыстары әшкере болып, ұсталды. Бұл жерде екеуінің көздегені күнкөріс, ақша табу болған. Бірақ сотта бірі өкініп, бар шынын айтып берсе, екіншісі мойындамады. Соған қарамастан біреуіне 16 жыл, екіншісіне 17 жыл бас бостандығынан айыру жаза тағайындалды.»
Ал екі қызын өлтірген әйелдің ісін қараған судья Самедин Темірәлиев нәзік жандылар қылмысқа түрлі ауыртпалыққа шыдамаған соң барады дегенді айтады. Мәселен Сарыағаш ауданындағы жағдайға байланыс-ты сотталған келіншектің ақыл есі дұрыс. Сотта өзінің әрекетін тағдыр тауқыметін көтере алмаған соң бардым деп түсіндірген. Осылайша төрт баланың анасы сотқа бар шындығын айтып, кешірім сұрапты.
Самедин Темірәлиев, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандан-дырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сотталушының жасы 33-те. 16 жасында тұрмысқа шыққан. Алып қашып кетіпті. Күйеуі екеуі төрт баласымен Өзбекстаннан қоныс аударады. Сол екі арада күйеуі қайтыс болып, жиырма бес жасында жесір қалыпты. Отбасының әлеуметтік жағдайына көмектесер ешкім болмағанын айтты. Үлкен қызын төркініне береді. Екі қыз, бір баласын өзі асырап келген. Сарыағашта пәтер жалдап тұрып, қатты қиналған көрінеді. Әсіресе «кешке тамақ істейтін уақытта қатты қиналам, үйде азық-түлік жоқ. Жоқшылық жанымды жеді» деді. Алайда туған-туысқандарына білдірмей, ешкімнен көмек сұрамапты. Содан бүйтіп өмір сүргенше өлгенім жақсы деп шешкен. Артынан өзі кетсе екі қызы қиналады, баласы күн көріп кетер деп ойлады да, екеуін де өлтіруге шешім қабылдайды. Бірінші 9 жастағы Балым деген кіші қызын ұйықтап жатқан жерінен галстукпен буындырып өлтіреді. Ол оянбаған күйі өмірден озады. Сол кезде екінші 11 жастағы Аманкүл деген қызы кіріп қалады. Оны да жерге құлатып, аяғын капрон колготкимен байлап тастайды. Сөйтіп оны да қылқындырып өлтірген. Алайда өзін өлтіруге қолы бармаған. Екі перзентін өз қолымен өлтірген ол есікті жауып, шығып кетіп қалады. Психологқа барса, ол орнында болмай шығады. Қайтып үйіне оралады. Қыздарым есінен танып қалған шығар деп ойладым дейді. Мінезім тұйықтау болған соң ба, ешкімге алақан жайып бармадым. Тіпті туған шешеме сырымды бөліспедім. Менің ең үлкен қателігім осы болды деп сотта ақталуға тырысты. Бірақ үкім шығар кезде ол қылмысын мойындамай, қыздарым өзін өзі өлтірді деп жауап қайтарды. Қалай болғанда да сотта ұлы да, туыстары да одан бас тартты. Ұлы «сендей шешем жоқ» десе, анасы «сендей қызым өлген» деп ауыр сөздер айтты. Сол кезде барып ол істеген ісіне ойланып қалды. Енді аналық құқынан айыру мәселесі қаралуда. Жалпы бұл істі қарау маған ауыр болды. Өз баласын бақилық ету ауыр қылмыс саналады. Асырай алмаса тиісті орындарға тапсыруға болар еді. Бұл келіншек енді 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл қаралған бап бойынша ең ауыр жаза болып тұр. Егер екі баласын өлтірген ер азамат болса, онда өмір бойына сотталар еді. Сот үкімі шыққанымен ол әлі күшіне енбеді.»
Соттар тұрмыстық жағдайдағы келіспеушіліктер де әйелдердің қылмыс жасауына бірден бір себеп болып жататынын айтады. Оның арасында абайсызда жасалғандары да кездеседі екен. Ішкілікке салынып, әйелін ұрып соғу салдарының соңы да кісі өлтіру жәйіттеріне соқтырады. Кей жағдайларда нәзік жандылар қорғанамын деп қолын қанға малып алады дейді судья Айжан Медеубекова.
Айжан Медеубекова, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандан-дырылған ауданаралық сотының судьясы: «Жуырда бір қылмыскер келіншектің ісін қарадым. Ол әйел қорғанамын деп бір еркекті өлтіріп қойған. Негізі сотталушыны ол ер кісімен бір танысы таныстырады. Кеш батқанда олар бірігіп шөлмек ішеді. Бәрі тарқасады. Бірақ түн жарымда жаңағы еркек сотталушының үйіне рұқсатсыз кіріп келген. Дөрекілік көрсетіп, зорламақшы болады. Ырқына көнбеген әйелді әбден соққының астына алады. Есінен тандырып қояды. Айтқанына көнбеген әйелдің тіпті басындағы шашын да жұлып алыпты. Әбден ашуға булыққан келіншек танысына пышақ сұғып алған. Осылайша ол күтпеген жерден қанды қол қылмыскер атанды. Сотта ол қылмысын толық мойындады. Бірақ әрекетін «өз үйімде тұрып, біреуден таяқ жеген соң жасадым» деп жауап берді. Оның сотта тұруға да шамасы келмеді. Бес қабырғасы сынған. Бет-аузы ісіп кеткен. Денесінің сау жері қалмаған . Барлық жағдайды ескере келе біз оны бір жылға бас бостандығынан айырдық. Себебі адам өлтіру қылмысы жазадан құтқармайды.»
Жалпы елімізде нәзік жандыларға жаза тағайындағанда бірқатар жеңілдіктер қарастырылған дейді судьялар. Себебі өзге мемлекеттердің заңына талдау жасаған мамандар Қазақстандағы қылмыстық кодекс жеңілдеу деген тұжырым жасапты.
Әбинұр Қарабаев, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандан-дырылған ауданаралық сотының судьясы: «Бізде жүктілік кезінде әйелге ең төменгі жаза тағайындалады. Не болмаса жазасын өтеуді кейінге қалдырады. Сол сияқты кәмелет жасына толмаған балаларының болуы да ескеріледі. Бастысы оларға өлім жазасы не болмаса өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылмаған. Мәселен мен өткен жылы екі баласын өлтірген еркекті өмір бойына бас бостандығынан айырдым. Ал Сарыағаштағы келіншек 20 жылға сотталды. Сол сияқты бізде есірткімен ұсталғандар белгілі бір мерзімге сотталса, Қытайда ұсталған қазақ қызы өмір бойына сотталды. Кей жағдайларда онда өлім жазасына да кесіле береді. Сондай-ақ бізде әйелдер үшін еркектер сияқты ерекше қатаң тәртіптегі колониялар жоқ. Екі немесе үш рет қылмыс жасағанның өзінде қатаң тәртіптегі колонияға тоғытылады.»
Айта өтейік, өткен жылдың алты айында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 11 адамға қатысты 11 қылмыстық іс қаралса, биыл сотталушылар саны 14 адамға жеткен. Яғни статистика әйелдер арасындағы қылмыстың біршама өсіп отырғанын көрсетеді. Десе де әйелдер қылмысты қайталап жасай бермейтіндігін көрсеткен. Бұл ретте әйелдерге жазаны қаталдатса қылмыс азаяр ма деген сұрақ туындайды. Оған психологтан жауап алдық.
Зүбайда КЕНЕНБАЕВА, психолог: «Әйелдерге жаза түрін қатаңдату арқылы біз қылмыс санын азайта алмаймыз. Онсыз да оларға тағайындалатын жаза түрі жеңіл емес. Меніңше, қай-қай қылмыстың себебінен гөрі салдарымен күрескен тиімді. Бұл тұрғыда қылмысқа дейінгі профилактикалық шаралардың көптеп жүргізілуі маңызды. Мысалы, қылмысты жайдан-жай ешкім жасамайды. Оған барудың да белгілі бір себептері бар. Біраз уақыт жаны ауырып, күйзелісте жүрген, отбасындағы күйеуі немесе басқа да жақындары тарапынан қысым көрген әйел қылмыс жасауы мүмкін. Сосын босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі депрессия деген болады. Үнемі депрессия үстінде жүретін адамның ахуалы, әрине, алаңдарлық. Кез келген сәтте эмоцияға беріліп, не істеп не қойғандығын білмей қалады. Мысалы, гендерлік психологияда да ер мен әйелдің мінез айырмашылығы салыстыруға келмейді. Өйткені, әйелдер ерлерге қарағанда эмоцияға берілгіш, ашуланғыш болып келеді. Сол кері мінездің салдары олардың қылмыс жасауына түрткі болып жатады. Сондықтан, қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – алдымен, кез келген жаны ауырып, күйзелісте жүрген әйел, аяғы ауыр келіншек міндетті түрде психологиялық көмекке жүгінуі тиіс.»
Бүгінгі таңда қоғамда психологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан, үнемі күйзелістің үстінде жүретін әйелдер көп. Ал, олардың барлығының бірдей ақылы психологтың кеңесін алуға мүмкіндігі бола бермейді. Осындай салдармен күреспегеннен кейін әйелдер тарапынан қылмыстар орын алады.
Дайындаған – Айнұр Ақбаева
«Оңтүстік Рабат», №27, 08.07.2015