«Өз үйім — өлең төсегім». Мемлекеттік баспаналы болған жас отбасында қонақта

5177

«Отан — отбасыдан басталады» дейді атам қазақ. Тауып айтылған сөз. Ал сол отбасы болудың бір шарты — баспана. Адам өз шаңырағым, өз үйім болса екен деп армандайды. Оған әркім әрқалай, біреу ерте, біреу кеш болса да қол жеткізіп жатады…

Қазақстанда халықты баспанамен қамтамасыз етудің бірнеше бағдарламасы қолға алынған. Егер осыған дейін «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жергілікті әкімдіктердің тікелей қатысымен «Тұрғын үй жинақ, құрылыс банкі» арқылы баспанаға мұқтаж жандарға көпқабатты үйлерден пәтерлер берілсе, биыл Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы «Бәйтерек» холдингіне қарасты «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы баспаналар берілуде.

Бұл бағдарламалар арқылы аз жазылған жоқ. Телеарналарда молынан көрсетілді де. Біздің бүгінгі мақсатымыз — сол бағдарламалар жайлы емес, бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізгендер жайлы жазу. Осы орайда Шымкент қаласында тұратын жас отбасылардың бірінің үйіне бас сұқтық.

"Нұрсәттегі" жас отбасыларға арналған екі үй
«Нұрсәттегі» жас отбасыларға арналған екі үй

001 (2)

Үй иесі мені ауладан күтіп алды. Қолымдағы фотоаппаратты бірден байқап, тіке келді.

Танысып қойыңыз — Дәурен Кенжебайұлы Кенжебаев. Шымкенттегі кардиологиялық орталықтың дәрігері.

001 (16)

Бір қызығы, кейіпкеріміз екеуіміз құрдас қана емес, жерлес те болып шықтық. Дәурен 1984 жылдың желтоқсан айында Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елдімекенінде туған. Жасы бірге толмай жатып аудандық ауруханада бас дәрігер болып жұмыс істейтін әкесі жұмыс бабымен Сайрам ауданының орталығы Ақсукентке ауысады. Жанұясын өзімен бірге ала кеткен.

— Сол жақта орта мектепті тәмамдап, одан кейін Қарағанды қаласындағы медициналық академияға оқуға түстім. 2010 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтап, Шымкентке қайтып оралдым. 2011 жылы Шымкенттегі кардио-орталыққа жұмысқа кірдім. Қазіргі кезге дейін сонда жұмыс істеп жатырмын.

— Мамандығың қандай, Дәурен?

— Аритмолог. Ол — жүректің соғу ырғағын тексеретін, соны емдейтін маман.

— Ота жасайсыңдар ма сонда?

— Иә, ота да жасаймыз. Төрт жылдан бері бірнеше ондаған отаға қатыстым.

— Оңай емес, болар…

— Әрине, жұмыстың оңайы бар ма? Дегенмен, өзімнің әкем дәрігер болған соң жас кезімнен дәрігер болып, адам жанын арашалауға үлес қоссам деген ойым болды. Сол ойымды, арманымды жүзеге асырып жатырмын. Аллаға шүкір!

— Отбасың жайлы айта отырсаң (біз үйге кіргенде бірнеше бала жүгіріп, ойнап жүрген)…

— Қарағанды қаласында оқып жүргенде болашақ келіншегіммен таныстым. Жұбымыз жарасып, содан бері біргеміз. Сөйтіп, Құдайдың бұйрығымен Қостанайдың қызын ауылға алып келдім (күледі). Айтпақшы, келіншегімнің де мамандығы — дәрігер. Шымкенттегі теміржол ауруханасында УДЗ дәрігері болып жұмыс істейді. Екі ұл және бір қызымыз бар. Үлкенімнің жасы — тоғызда.

001 (12)

— Ерте үйленіпсің…

— Иә, 22 жасымда шаңырақ көтердім. Жалпы, отбасымызда 2 ағам, 2 әпкем бар. Олар әлдеқашан үйлі-баранды болып кеткен. Мен үйдің кенжесі болғандықтан, әкем мен анам ертерек отбасылы болғанымды көруге асықты. Өзім де бір істі ұзаққа созғанды қаламайтын. Оған қоса өзімнің сүйгенімді тапқандықтан, көпке созбай, 2006 жылы отбасын құруды жөн санадым. Қазір ата-анам өзіммен бірге тұрады.

001 (10)
Кіреберіс

— Сонымен, негізгі тақырыпқа ойыссақ. Баспанаға қалай қол жеткіздіңдер?

— Үйленген соң мен жұмысыма Ақсукенттен қатынап отырдым. Күнде таңертең ерте Шымкентке келіп, кешке қайтасың. Отбасым алғашында Ақсукенттегі қарашаңырақта болды. Кейінірек, «Тұрғын үй жинақ, құрылыс банкі» туралы естіген соң банкке келіп, есеп-шот ашып қойдық. Сөйтіп, уақыт өте берді. Күндердің күнінде, дәлірек айтқанда 2014 жылдың сәуір айында осы баспанаға қол жеткіздік. Ол кезде үшінші баламыз болғандықтан, баспанаға мұқтаж жандардың тізімі жасалғанда біздің ұпайымыз бала санына байланысты көп болыпты. Мамандар солай деп түсіндірді.

— Үйің кең сияқты…

— Ия, Құдайға шүкір, жатын ауданы — 92 шаршы метр. Ол кезде бөлмемен емес, жан басына қажетті шаршы метрмен есептеді-ау деймін. Лоджасы бар. Әйтеуір, көңілімнен шығады. Бесінші қабаттан болса да, мейлі (күлді).

Кешкі аула
Кешкі аула

— Үйіміз 7 қабатты. № 134 а және 134 б үйлер қатар тұр. Әрқайсысында 42 пәтерден 84 пәтер. Кілең жас отбасылар тұрамыз. Осы жерде аздап мақтана кетейін, көпқабатты үй болса да тұрғындар — ұйымшылмыз. Наурыз мерекесі, Айт, Құдайы ас секілді іс-шаралардың барлығында бір жерден ұйымдасып, дастархан жаямыз. Отбасымызбен араласып тұрамыз. Бір-біріміздің үйімізге қонаққа барамыз.

— Тура ауылдағы көршілер секілді екен…

— Ия-ия, барлығымыз ауылдаспыз. Оған да Құдайға шүкір.

Облыстық балалар ауруханасы мен қалалық орталық емхана
Балалар бөлмесінен «Нұрсәт» шағынауданы алақанға салғандай көрінеді. Алдыңғы планда — облыстық балалар ауруханасы мен қалалық орталық емхана

— Банкке қанша төлейсіңдер?

— Біз, мысалы, айына 70 мың теңге төлейміз.

— О. Көп секілді. Ауыр тимей ме?

— Жоқ, үйдің шаршы метрі көп болған соң ақысы да тиісінше ғой. Менің келіншегім де жұмыс істейді. Ал, мысалы, айына 30 мың теңге төлейтін жігіттер де бар. Яғни. олардың пәтерлерінің шаршы метрі аздау деген сөз. Коммуналдық қызметке бөлек төлейміз.

001 (9)

— Коммуналдық қызмет демекші, ол жағынан қиындықтар туындамай ма?

— Құдайға шүкір, жарық, су, газ бен жылу бар. Жасыратын несі бар, кейде судың қысымы төмендеп, қыста жылудың қуаты төмендеп тұрады. Бірақ, жылайтындай халде емеспіз, қыстан жақсы шықтық.

Подъездегі есікті домофон бар
Подъездегі есікті домофон бар

— Үйдің қабырғасы неден қаланған?

— Пеноблок екен. Сұрап-білдік.

— Мүмкін, содан емес пе?

— Жоқ. Керісінше, пеноблок жылуды жақсы сақтайды екен. Салқынды да.

— Ия, байқап отырмын, далада кемі 35 градус ыстық болса да, үйің 5-қабатта болса да бөлмелерің әдеттегі көпқабатты үй секілді емес, жанып тұрған жоқ. Қалыпты екен.

— Ия-ия, дұрыс айтасың. Оның үстіне біз отырған бөлмеге түс қайтқандағы күн түсіп тұр. Ал мына беттегі бөлмелер бұдан да жайлылау. Жалпы, өзімнің баспанам болғанға Аллаға шүкіршілік айтамын!

— Ендеше, шаңырағың тек қуанышқа толы болсын!

— Аумин!

001 (1)

Кейіпкерімнің шаруаға пысық екені бірден білінді. Біз үйге кіргелі тұрғанда ол лифттің істемей тұрғанын айтты да өзі жертөлеге түсіп кетті. Іле-шала қайтып шығып, жеделсатыға қарай бастады. Лифт іске қосылды. Ал пәтерден шығарда кіреберісте еденнен білінер-білінбес шығып тұрған құбырдың бір бөлігі мен кранды көрдім. Менің сұраулы жүзімді байқаған Дәурен ол үйдегі құбырлардан ақау шыға қалған жағдайда сырттан келетін су құбырын жертөлеге жүгірмей-ақ осында жабуға арналған апатты бұранда екенін айтты. Баспанаға кіре сала өзі жасап алған. Мұндайды көпқабатты үйдегі кез келген пәтерден кездестіре бермейтінімізге келісерсіз, құрметті оқырман?

Сұхбаттасқан — Нұрлан Бектаев