Қазақстан ұшқыштары халықаралық «Авиадартс-2015» конкурсына аттанды

506

Қазақстанның ұшқыштары халықаралық «Авиадартс-2015» конкурсына аттанды. Бірегей шоу 31 шілде мен 16 тамыз аралығында Ресейдің Липецк және Рязань әуежайларында өтеді. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қытайдың ұшқыштары қатысады деп күтілуде.

005

Шымкенттегі авиациялық базаның жеті экипажы Қазақстанның намысын осы жарыста қорғамақ. Қазақстан осынау шоуға алғаш рет қатысқалы отыр.

Айта кету керек, біздің жерлестеріміздің шеберлігі жаман емес. Шымкенттің ұшқыштары Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруде алғашқылардың бірі болып өздерінің әуе кемелерімен аспанда «70» санын жазып ұшты.

002

Майор Игілік Қарасаев сол күнді мақтанышпен еске алады. Айтуынша, аспанда күрделі әрекетті жасап, «70» санын жазу үшін екі айға жуық дайындалыпты. Ең қиыны аспанда ұшақтар арасындағы қашықты біркелкі ұстап тұру дейді. Дегенмен, ұзақ уақыт дайындалып жүріп оны да үйренген.

Рамзан Тақпанов — экипаж командирі. Өзінің Ми-17 әуе кемесімен көп уақыт аспанда ұшқан. Нағыз ұрыстарға қатыспағанына шүкіршілік етеді. Жақында Рамзан Улан-Уде қаласынан оралды. Онда аға лейтенант пен жеке құрамның 6 маманы жаңа тікұшақтармен жаттыққан.