Қазақстан даму банкі Оңтүстіктегі 22 жобаны қаржыландырады

628

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішевпен кездесті. Екі жақты өткен кездесуде экономика өсімін арттыруда қосымша резервті анықтау мәселелері талқыланып, қаржыландырылуы тиіс жаңа инвестициялық жобалар сараланды.

010

Кездесу барысында қос тарап өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, жалпы құны 617,5 млрд теңгені құрайтын 22 жобаны қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Индустрияландыру картасы аясында алғашқы бес жылдықта Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 184 млрд теңгені құрайтын 137 жоба іске асып, 11 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 130 жоба 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында толық өндірістік қуаттылығына шықты.

Индустрияландыру картасының екінші бес жылдығында жалпы құны 868,8 млрд теңгені құрайтын 115 жоба іске аспақ. Бұл кәсіпорындарда 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Оның ішінде биылғы бірінші жарты жылдықта құны 12,2 млрд теңге болатын 2 жоба іске асып, 420 жаңа жұмыс орны ашылды.

011

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асқалы бері 790 шағын және орта бизнес субъектісі 407,6 млрд теңгеге қаржыландырылып, 13041 жаңа жұмыс орны құрылды. «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасымен өткен жиында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен сөз болып, экономиканы өрге сүйрейтін жаңа жобалар таныстырылды.

Бұл кездесуде «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасының назарына алдымен Шымкент қаласындағы әуежайды жаңарту жобасы ұсынылды. Былтыр әуежай 420 мың жолаушыға қызмет көрсетсе, таяу уақытта мұндағы жолаушылар ағымы 30 пайызға артады деп жоспарлануда.

Сол себепті әуежайдың терминалы мен ұшу және қону жолағын заман талабына сай қайта жасақтау міндеті тұр. Шымкенттің күн санап ұлғайып отырғанын ескерген жобалаушылар мұнда әуежайдың жаңа терминалымен қатар автостанса және теміржол перронын салуды ойластырған. Ал бұл еліміздегі ең тұңғыш мультимодельді хаб болып қалыптасуы керек.

Ал сауда-логистикалық орталығында «А» класты заманауи қоймалар құрылысын бастаған «Continental Logistics» ЖШС жобаның екінші кезеңінде өзімізде өсірілген көкөністер мен жеміс-жидектерді қалыпты күйінде сақтауға арналған климаттық қоймалар құрылысын бастауды ұйғарып отыр.

Еліміздегі және шетелдік нарықта өзіндік орын иеленген «Hill corporation» ЖШС базалық майлар шығаратын жаңа кәсіпорынның негізін қалауды жоспарлауда. Алдын ала жасалған талдау бойынша мұнда дайындалған өнімнің 40 пайызы Қытайға экспортталмақ.

Сондай-ақ бұл кездесуде «Молочный рай» ЖШС-нің 1000 бас асыл тұқымды мал асырайтын сүт-тауарлы фермасы мен замануи сүт өндеу зауыты жобалары таныстырылды. Ал «Амир А» ЖШС металлургиялық зауыты қос таврлы және үлкен өлшемді швеллер бұйымдарын өндіруді көздеп отыр.

Жобалармен мұқият танысқан Б.Жәмішев осы жобалардың әрқайсысы да ұйымның мақсат-мүддесіне сай келетініне тоқталып, қаржылай қолдау көрсетуге болатынын атап өтті.

Басқарма төрағасы сонымен қоса Кентау трансформатор зауытының қуаты 110-120 Кв трансформаторлар шығару желісін ұлғайту, «Оңтүстік» индустриалды аймағы» дирекциясының газды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру, «Назар текстиль» ЖШС кілем фабрикасының ІІ кезеңін жүргізу, Түркияның «Каланча» компаниясымен бірлесе джинсы матасын шығару, «Шымкентмай» АҚ өндірістік кешенін жаңарту секілді жобалармен де танысып, олардың бизнес-жоспарлары ұйым мүддесіне сай болса қаржыландыруға дайын екенін мәлімдеді.

Ал Қасқасуда тау-шаңғы курортын салу, гранулалық пропилендер мен жоғары октанды бензин өндірісіне қажетті метилтретбутилды эфир өндіру, сары фосфор мен фосфор қышқылын шығару, желден электр энергиясын өндіру, радиаторлар өндірісін қолға алу сынды жобалар бойынша бизнес-тәуекелдер нақты есептеліп, жобаның коммерциялық құндылығы мен одан түсетін пайда дұрыс айқындалуы керек деді Б.Жәмішев.

Бұдан кейін «Қазақстанның даму банкінің» басқарма төрағасы Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен «Стандарт цемент» зауытын қайта жаңарту жұмыстарымен және Шымкент қаласында салынып жатқан сауда-логистикалық орталығында «Continental Logistics» ЖШС-нің қойма кешендерімен танысты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі