Жазғы маусымдағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қорытындысы белгілі болды. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Марат Әбілхайыровтың айтуынша, жұмыс іздеп, жәрмеңкеге қатысқан 2000-нан аса азаматтың 208-інен астамы тұрақты жұмысқа тұруға жолдама алған.
Оның 14-і — мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал 2015 жылы оқуды аяқтаған жоғары және орта білімді 70 студент «Жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жастар практикасына жіберіліпті.
Айта өтейік, жазғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 26 маусымда өткен болатын. 125 жұмыс беруші мекеме 450-ден аса бос жұмыс орындарын ұсынған еді.
Марат Әбілхайыров, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы: «Кезекті жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз. Уақытын тамыз айының соңы немесе қыркүйек айының соңында ұйымдастыруға туралаймыз. Өйткені өңіріміздегі мектептер жаңа оқу жылын бастайды. Сонымен қатар көптеген кәсіпорындар ашылу жоспарлануда. Сол кәсіпорындардың бос жұмыс орындарын қайтадан жинақтап, келесі жәрмеңкені өткіземіз».