Алқымнан алған аптап ыстықтың салдарынан өрт оқиғасы да өрши түскен. Бір күнде бірнеше оқыс оқиға тіркеледі. Тілсіз жау, әсіресе, қала сыртындағы шағынаудандарда орын алуда. Қураған шөп жанып, өрт үйге лап қойған. Сондай-ақ, көп қабатты үйлер де отқа оранды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vQnClid_F3c[/youtube]
Достық шағынауданындағы өрт шарпыған аумақтың күлі ғана қалған. Тілсіз жаудың салдарынан Сарыбалаевтар отбасы жылдар бойы тірнектеп жинаған дүниесінен көз жазып қалды. Әлеуеті төмен жанұя жуырда ғана қаладан жер телімін алып, енді ғана құрылыс жұмыстарын бастауға көшіп едік дейді.
Жамалбек Сарыбалаев, Достық шағынауданының тұрғыны: «Өрт желмен ұшып келді. Мұндағы құрылыс заттарын жанып кетті. Өшіріп үлгермей жатып келесі нысанға өтті. Ал өрт сөндірушілер дер кезінде келген жоқ, араға ұзақ уақыт салып, барлығы жанып жатқанда келді. Сумен өшірудің орнына келе сала «Бізде су жоқ, «Достық» сусыз аудан ғой, тек үйді өшіреміз, құрылыс заттары өзі өшіп тынады» деді.»
Достық шағынауданында бұл ғана емес, бір уақытта 2 бірдей үй өрттен зардап шекті. Тұрғындардың айтуынша, қураған шөп жанып, үйге лап қойған. Әбүйір болғанда адамдар жарақат алған жоқ, бірақ көршілер түн ортасы ауғанымен қайда барарын білмей дал. Жалғыз панасы басындағы баспаналарынан айырылғанына сенгісі келмейді.
Сондай-ақ, қаламыздағы көп қабатты үйдің пәтері де тал түсте қызыл отқа оранды. Жангелдин көшесі бойындағы үйдің 3-қабатындағы баспанадан өрт шыққан. Оқиға орнына шұғыл өрт сөндіру қызметі мен арнайы техникалық жасақ жұмылдырылды.
Бұл пәтердің балконы мен тұрмыстық-техникалар және өзге де заттары өртеніп кетті. Куәгерлердің айтуынша, оттың тұтануына жоғары қабаттағы тұрғындардың шылым қалдықтарын төменге тастауы себеп болған.
Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрттің шығу себептері мен тілсіз жаудан келген шығынның көлемін есептеп жатыр. Өрт сөндірушілер күн ыстықта тұтанғыш заттарға мұқият болуды ескертеді.