Арыс қаласында коммуналдық мәселелер әлі күнге шешімін таппаған. Тоғыз жолдың торабындағы жұртшылықты көгілдір отынмен қамту үшін әлі бақандай 3 жыл қажет. Бұл туралы қала әкімі Сейіт Ертайдың есеп беру жиынында айтылды.
Қала әкімінің сөзіне сенсек, жарты жылдықтың қортындысы бойынша барлық салада өсім бар. Ауыл шаруашылығы алға жылжып, кәсіпкерлік те түлеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар асыра орындалып, тіпті, арыстықтар қаржыны оңды-солды шашпай, тиынына дейін тиімді жұмсапты.
Тек коммуналдық проблемалардың түйткілі тартқатылатын емес. Мұндағы жұртышылыққа көгілдір отынды жеткізіп беру 2018 жылдың еншісіне қалдырылған. Алайда, ауызсудың ауылы алыс емес деп сендіреді қала әкімі.
Оншақты көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп отырған қалалық қазандық 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен бұл нысанды жөндеуге биыл облыс бюджетінен қаржы қаралыпты. Қазір қазандықта жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын алға тартқан өңір басшысы енді мектептердегі жылу мәселесі де шешімін табады деп отыр.
Ал Қожатажағай елдімекеніндегі Макаренко атындағы мектеп апатты деп танылған. Бұл білім нысанының құрылысы да биыл шешімін таппақ. Айта кетейік, бүгінде қалада қос бірдей ғимараты апатты жағдайда деп танылған мектеп бар. Жергілікті басшылар 2017 жылға дейін бұл мәселені шешуге уәде етті.
Арыста жерлерді түгендеу жұмыстары да қызу жүргізіліп жатыр. Осыған дейін аумақтық жер инспекциясы мың жарым мыңға жуық гектар жерді арнайы жер қорына қайтарған. Анықтау жұмыстары кезінде бұл өңірде 37 мың гектар жердің бірнеше жылдар бойы игерілмей жатқаны мәлім болған. Қазір бұл деректер облыстық жер инспекциясында қаралып жатыр.