Облыс әкімінің жұмыс сапары Қазығұрт ауданында жалғасты. Бұл ауданда да берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланып, алты айлық жұмыс қорытындыланды. Аудан әкімі Б.Қыстауовтың алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстарының есебін талдаған А.Мырзахметов ең алдымен бюджет есебінен салынған нысандардың бүгінгі ахуалын сарапқа салды.
Аудан әкімінің баяндамасынан мәлім болғандай, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілген әлеуметтік маңызы бар бір нысан бүгінде жөндеуді қажет ететін күйге түскен. Ал нысан құрылысын жүргізген мердігер мекеменің кепілдік мерзімі аяқталған. Енді ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен қосымша 15 млн теңге қаржы қаралған.
Өңір басшысы аталған олқылық тиісті сала басшыларының қадағалауының жоғынан орын алған деп қадап айтты. Жауаптылар осы кемшілік жөнінде дер кезінде дабыл қағып, мердігер мекеме алдында тиянақты талап қоя білсе, ғимарат мұндай күйге түспес еді деген облыс әкімі ауыл әкімінен бастап барлық сала басшыларының жауапты болатынын ескертті.
Жалпы 2013 жылдан бері ауданда 16 әлеуметтік нысан іске қосылған. Сол ғимараттарда анықталған ақаулықтар бойынша аудан тарапынан салалық басқармаға мәлімет дұрыс берілмеген. Өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарап, кемшілік жіберген аудан әкімі орынбасарының, құрылыс бөлімі мен балабақша меңгерушілерінің қызметке сәйкестілігі қаралатын болды, ал қадағалауды әлсіреткен аудан басшысына ескерту берілді.
Мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру бағытында оларға шара көру қажеттілігін ескерткен А.Мырзахметов, тіпті, жауапсыз мекемелердің лицензиясын кері қайтарып алу мәселесін төтесінен қойды.