Бәйдібектің шаруаларына субсидия жетпей жатыр

712

Облыс әкімі А.Мырзахметовтың аудан, қалалардағы жұмыс сапары осы аптада Бәйдібек ауданында жалғасын тапты. Өңір басшысы алдымен құрылысы кешеуілдеген әлеуметтік нысандардың қазіргі ахуалымен танысты. Аудандық мәдениет үйінде өткен кеңейтілген мәжілісте аудан әкімі Б.Көшербайдың бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстар мен берілген тапсырмалардың орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды.

004

Аудан басшысының есебін талдаған облыс әкімі бюджет есебінен салынатын нысандарға кеңінен тоқталды. Жоспар әзірлегенде тиімділік мәселесі жан-жақты қамтылуы керегіне назар аударды. Мәселен, ауданда жаңадан салынатын 100 орынды мектеп ғимаратының сметалық құны 300 млн теңге деп есептелген.

005

Құрылыс жұмыстарына кететін шығынды өте жоғары деп бағалаған облыс әкімі демографиясы күн санап қарқын алған аймақтан 100 орынды мектеп салу тиімсіз деді. Осы мәселені жауапты сала басшыларына тағы да нақтылап, зерделеуді тапсырды.

Бұдан бөлек әлеуметтік маңызы бар бір нысанның құрылысы өндірістік кестеден едәуір қалып қойған. Саладағы қолға алынған жұмыстарға бақылауды әлсіретіп, құлдырауға жол берген құрылыс бөлімінің басшысы мен аудан әкімінің тиісті орынбасарына ескерту берілді.

Одан әрі есептік мәжілісте ауыл шаруашылығы саласындағы межелі көрсеткіштердің орындалуы сөз болды. Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген Бәйдібекте саладағы атқарылатын жұмыстар дұрыс жүйеленбей келе жатқаны, соның салдарынан межелі көрсеткіштер де дұрыс есептелмегені айтылды.

Ауданда осы күнге дейін 57 мың гектар алқап игерілмеген. Мемлекеттен бөлінетін субсидия шаруалар қолына жетпей жатыр. Осы кемшіліктерге жол берген барлық ауыл әкімдерінің қызметке сәйкестігін қайта қарау міндеттелді. Оған қоса берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалаудан тыс қалдырған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты тұлғаларына да ескерту берілді.

Сүт өндіру межесінің атқарылуы жөнінде ауыл әкімдері дұрыс ақпар бере алмаған. Нәтижесінде осы тапсырманың тиянақты орындалмауы облыстың орта көрсеткішіне кері әсерін тигізген. Бұның себебін жергілікті жауаптылар маман тапшылығымен түсіндірді.

Жыл басынан бері ауданда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы не сектор меңгерушісі тағайындалмаған. Облыс әкімі осы салаға жауапты орынбасары С.Тұяқбаевқа және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аудандағы кадрлық мәселені жедел шешуді тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі