Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, ОҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Б.Оспанов Азия чемпионаттарында топ жарған спортшыларды қабылдады.
Үндістан және Мьяма елдерінде мемлекетіміздің көк туын көтерген жерлестерімізді құттықтаған Б.Оспанов федерация атынан саңлақтарға қаржылай сый-сияпат жасады.
Шілденің 9-12-і аралығында Мьяманың Нейпидо қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Б.Төребек күміс жүлде, Б.Әлментай бас бәйгені қанжығасына байлады. Ал маусым айында Үндістанда өткен еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсекеде Д.Мелдебек қола жүлдеге қол жеткізді.
Болашағынан үміт күткен спортшыларымыз үшін бұл үлкен жетістік. Соңғы жылдары облысымызда спорттық нысандар құрылысы көптеп бой көтеруде. Бұқаралық және жекелеген спорт түрлерін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау да ерекше.
Федерация президенті мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта нәтижені жоғарылату мәселесін сөз етті. Өңіріміздің үздік спортшыларына стипендия тағайындау мәселесі қолдау тапты. Азын аулақ болса да қаржы бөлінсе, балуандарымыз шеберлігін шыңдап, спортпен қамсыз шұғылдануға мүмкіндік алып, ел қоржынына алтын медальдар салатын болады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Ozc6ta7pr8E[/youtube]
Жалпы жыл басынан бері оңтүстікқазақстандық спортшылар спорттың 59 түрінен 1200-ге жуық медальге ие болған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі