Баланың іші ауырса…

26-009Балаңыздың іші өтіп, құсып жүр ме? Ендеше уақытты оздырмай  дәрігерге алып барыңыз. Себебі, бұл жедел ішек инфекциясы болуы мүмкін. Егер инфекцияны жұқтырған адам уақытылы емделмесе, өміріне қауіп төнеді. Әрі өзге адамдарды да ауруға шалдықтырады.

Жаз — түрлі инфекциялық ауруларының өршитін кезі.  Ауру әсіресе кішкентай балақайларда жиі кездеседі. Себебі, бүлдіршіндер шала піскен тағамдар мен жуылмаған жеміс-жидектерді жейді. Жалпы, дәрігерлер инфекциялық аурулардың көбейюіне қарапайым тазалық ережелерін сақтамау себеп болатынын айтады.

Ішек инфекциясы

Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Ол – гигиеналық тазалықты сақтамаудан, жуылмаған көкөністерден, піспеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолданғаннан,  ауыз суды қайнатпай ішкеннен жұғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, бүгінде  ішек инфекциясының 60-тан астам қоздырғышы анықталған. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, сыртқы ортаға тарайды.

Жылына 17 000 науқас емделеді

Дизентериядан сақ болыңыз!

Жедел ішек ауруларының ішінде ең кең тарағаны – дизентерия. Ол — сау адамға ауру адамнан жұғатын  ауру. Дизентерия таяқшасы су қоймаларында, азық-түліктерде, топырақта, ауру адамдардың нәжісімен ластануы арқылы пайда болады. Инфекцияларды жұқтырғаннан кейін аурудың белгілері бірден білінбейді. Кох инфекциялары 12 сағаттан 18 сағатқа дейін, ал басқа түрлері 6 сағаттан бір тәулікке дейін қозады. Бірінші сатыда ішек дерттері жедел респираторлық аурудың белгілері тәрізді сипатталады, яғни, әлсіздік, тәбеттің болмауы, бас ауруы және дене қызуының 38-39С дейін көтерілуі байқалады. Ал бірнеше сағаттан кейін науқастың  асқазаны қатты аурып, іші өтеді, құсады. Денеде қалтырау белгілері пайда болады.

Гүлнар Исабаева, дәрігер-инфекционист:

– Шымкент қалалық жұқпалы дерт ауруханасында түрлі диагнозбен  14 жасқа дейінгі балалар емделіп шығады.  Алайда қазіргі статистикалық деректерге мән берсек, жаңа туған сәбилер және үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында жедел-ішек инфекциясы өршіп тұр. Әдетте кейбір аналар нәрестенің іші өтіп ауырса, тісі жарып жатыр деп ойлап көп мән бере қоймайды. Тәуіпке түкіртіп, дем салдыртады немесе үй жағдайында емдейді. Медициналық тұрғыдан алғанда, ол әрекеттердің ағзаға ешқандай әсері жоқ. Қайта уақыт өтіп, баланың жағдайы нашарлап, ағзаның сусыздану процесі күшейе түседі. Ал оның соңы асқынуларға соқтырады. Кейбір балаларды түрлі «оқытулардан» соң ауыр халде ауруханаға жеткізеді. Бірақ, ондай кезде сәбидің өмірін сақтап қалу екіталай болады.

Диарея

Жаз маусымы басталысымен  диареямен ауратын балалар  да көбейе түседі.  Диарея – бұл балада су аралас сұйық нәжісінің болуы. Сұйық нәжіспен бірге, ауырған бала өз ағзасындағы керекті су, тұз және көптеген пайдалы заттарды жоғалтады да, ауруы онан сайын асқына түседі. Баланың іш өтуімен бірге құсық пайда болады. Осының салдарынан науқастың денесі дел-сал болып, жағдайы болмай, көңіл-күйі нашарлайды. Осы өзгеріс медицина тілінде «дегитратация» яғни, «сусыздану» деп аталады. Бала ағзасының сусыздануы әртүрлі болады. Ауыр, орташа және жеңіл. Сусыздануды  кезінде емдемесе, бала одан әрі әлсіреп, басқа да жұқпалы ауруларға қарсы тұратын күшін жоғалтады. Дерт одан сайын асқынады. Сондықтан да, сусызданудың негізгі белгілері байқалысымен, оған қарсы емдік шараларын бірден жүргізген абзал.

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 орынға шақталған

Несеп жолдарының инфекциясы

Жаздың ыстық мерзімінде теңіз жағалауында, ашық су қоймаларында шомылу да қауіпті. Себебі, абайсызда жұтқан су  ішек ауруына әкеп соқтыруы мүмкін. Шомылу барысында сондай-ақ  пиелонефрит, цистит, уретрит, асимптоматикалық бактериалды ауруларды, яғни, несеп жолдарының инфекциясын жұқтырып алуын ықтимал. Инфекцияны жұқтырғанды:

– дене қызуының көтерілуінен;

– іштің қуық тұсының ауыруынан (кішірек балаларда), бел мен іштің астыңғы жағының ауыруы (ересек балаларда);

– зәр шығарудың жиілеуінен (іш киімнің жиі дымқылдануы);

– зәр шығару барысында ауруды сезінуден;

– зәр түсінің солғын тартуы, құрамынан қан немесе іріңнен байқауға болады.

Несеп жолдарының инфекциясы салдарынан пайда болған аурудың ең қауіптісі – пиелонефрит. Дер кезінде мән беріп емдемесе, бүйректің жетілуіне кері әсер етіп, баланың есейген шағында да өзінің әсерін байқатады.

Батпа Ережепқызы, балалар дәрігері:

– Іш өту, диарея кезіндегі сұйықтық және тіршілік үшін маңызды микроэлементтердің жоғалуы салдарынан болатын ішек қызметінің бұзылуы бала денсаулығына қауіп келтіруі мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда емшек жасындағы бүлдіршіндер мен төменгі жастағы балалардың тамақтануын, оның ішінде жедел ішек инфекцияларын емдеу кезіндегі тамақтануын оңтайландыру мәселесі өзекті болып отыр.

Алғашқы көмек

Ішек инфекциясын жұқтырған баланың дене қызуы көтеріліп, іші қайта-қайта өтеді. Асқа тәбеті болмай, құсады, мазасызданады, басы ауырады. Дәретіне қан немесе кілегей араласады. Қайта-қайта іші өтіп, құсқандықтан баланың ағзасы тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Осының әсерінен әбден қалжырап, әлсіздік пайда болады. Егер аталған белгілер байқалса, дереу дәрігерге қарату керек және мұндай  кезде алғашқы көмек көрсетілуі қажет. Бұл кезде балаларға регидрон ерітіндісін берген жөн. Аталмыш сұйықтықты әрбір 4 сағат сайын 1 шай қасықпен ішкізеді. Ерітінді әрбір күнге жаңадан езіліп беріледі. Ал егер регидрон болмаса 200 мл қайнаған суға еріген бір шымшым тұз салған суды берген абзал. Осы емнен кейін  сұйық нәжіспен сыртқа шығып кеткен су мен тұздар тапшылығы қалыпты жүйеге келіп,  баланың  іш өтуі тыйылуы мүмкін. Содан соң балаға сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған суды ішкізген жөн. Ал ішектің микрофлорасына тікелей әсер ететін қуырылған, ащы, сүт, кепкен тағамдарды беруге мүлде болмайды. Егер нәтиже болмай, бала қайта құсса, қызуы көтеріліп, шөлдей берсе, сұйық ішпесе, тамақтан бас тартса, онда ауруханаға жатқызу керек.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №26, 01.07.2015