Батылдық көрсеткен тәртіп сақшылары марапатталды

524

Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы қызмет барысында ерекше көзге түсіп, адамдардың өмірін сақтап қалған тәртіп сақшылары марапатталды.

Департамент басшысы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов 9 адамды өрттен алып шыққан Кентаулық екі тәртіп сақшысын, 4 адамды судан құтқарып, өз өмірін қиған Асылбек Елмұратовтың жұбайын және 1,5 жасар баланы шұңқырдан алып шыққан полицейлерді марапаттады.

Кенатудағы өртте ерлік көрсеткен азамат
Кенатудағы өртте ерлік көрсеткен азамат

Еске сала кетейік, маусым айының 13-нен 14-не қараған түні Кентаудағы полиция кезекші бөліміне бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққан туралы ақпарат келіп түседі. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен өрт сөндіру қызметі келіп жетеді. Бұл уақытта өрт үйдің 4 және 5-қабатын жаулап алған еді.

Кентау қалалық жол-патрульдік полиция взводының бөлімше командирі, полиция аға сержанты Керімбеков Берік пен полиция сержанты Жанғозиев Марат оқиға орнына бірінші жетіп, тұрғындарды өртеніп жатқан үйден сыртқа шығарып, құтқарып қалды.

Осыған орай, ішкі істер департаментінің басшылығы тұрғындарды өрттен құтқару кезінде көрсеткен ерекше батылдығы мен ерлігі үші Керімбеков Берік пен Жанғозиев Маратқа үкіметтік награда беру туралы ұсыныс жасап, Қазақстан Республикасы ішкі істер министріне хат жазған болатын.

Бірнеше адамды судан құтқарған азаматтың анасы

Бүгін ішкі істер департаментінің үлкен мәжіліс залында полиция генерал-майоры Асқар Оспанов Қазығұрт ауданында өз өмірін қиып, суға батқандарды құтқарып қалған Асылбек Елмұратовтың жұбайы Гүлжан Абдиманапованы да марапаттады. Департамент басшылығы тарапынан Елмұратов Асылбекке өмір бойғы үкіметтік награда беруге ұсыныс жасалды.

Өзге үшін өз өмірін қиған азаматтың отбасы

Бұл оқиға былай болған. 2015 жылдың 24 маусымы күні таңғы сағат 07:30 шамасында Қазығұрт ауданындағы Газалкент магистральді каналының жанында «Нива» автокөлігінің жүргізушісі рөлді игере алмай, автокөлік суға аударылып кетеді.

40 жастағы жергілік тұрғын Елмұратов Асылбек Алтынбекұлы осы оқиғаны көріп қалған. Ол каналда ағып бара жатқан адамдарды көріп, ойланбастан суға түсіп, 39, 41, 35 және 31 жастағы азаматшаларды судан алып шығып, олардың өмірін сақтап қалды. Алайда тағы бір адамды алып шықпақ болғанда күші сарқылған ол жағаға жете алмай, ағып кетеді. Бұл оқиғада ерлік көрсеткен Асылбекпен бірге тағы 5 адам қайтыс болды.

Ал 26 маусым күні Шымкент қаласындағы Тельман бөлімшесіндегі үйлердің бірінде ойнап жүрген кішкентай бала әжетхана тесігіне түсіп кетеді. Баланың туыстары оның әжетханаға түсіп кеткенін байқап, оны шығару үшін көшеге шығып, көмекке шақырады.

Дәретханадан сәбиді құтқарған тәртіп сақшысы
Дәретханадан сәбиді құтқарған тәртіп сақшысы

Осы уақытта көшеде екі полиция қызметкері — әкімшілік полиция бөлімінің іздестіру бөлімшесінің аға инспекторлары, полиция капитаны Әбдіжалел Қожабаев және полиция майоры Бауыржан Дүйсенов өтіп бара жатқан еді. Олар ойланбастан қол үшін беруге жүгіріп келеді. Бірі құтқарушыларға және жедел жәрдемге хабарласса, енді бірі әжетхана тесігіне сыятын шағын денелі адамды іздестіре бастады.

Дәретханадан сәбиді құтқарған тәртіп сақшысы

Екі тәртіп сақшысы көрші 11 сынып оқушысы Сатым Досхан есімді оқушыны шақырып, арқанмен әжетхана тесігінен түсіріп, кішкентай баланы сыртқа алып шығады. Кейіннен ол баланы да тартып шығарады.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, тәртіп сақшылары дер кезінде көмек қолын созған, әйтпеген жағдайда, яғни бірнеше секундқа кешіккенде, бала тұншығып қалған болар еді.

001

Батылдықпен жасалынған осындай жағдайлар кәсіби әрі азаматтық борышын орындаудың жарқын үлгісі бола алады.