Кеше Шымкентте екі ірі өрт тіркелді. Алдымен кешкі сағат 18:00-ге жуық уақытта дендросаябақтың аумағынан өрт шықты. Мұнда құраған шөп пен 100-ге жуық тал-дарақты өрт шалды. Тілсіз жау 65 соттық жерді шарпып, қураған шөп жанып кетті. Бұған қоса 100-ден астам ағашты өрт шалды.
Тілсіз жаумен 4 арнайы техникамен 15 өрт сөндіруші күресіп, 1 сағаттан асқанда толық сөндірді. Ішкі істер департаментінің мәліметінше, өрт сол маңдағы жұмысшылардың салақтығынан шыққан болуы мүмкін. Қазіргі таңда 1 күдікті ұсталды деген ақпарат бар.
Ал түнгі сағат 2-ге жуық индустриалды аймақтан өрт шықты .Мұнда бұрынғы шина зауытының қоймасы өртенген. Түнгі дабылға алғашында 8 техника аттанғанымен, тағы да қосымша көмек қажет болды.
Бақытжан Запаров, ОҚО ТЖД бөлім бастығы: «Өрт болып жтқан жерге Шымкент гарнизонынан 11 арнайы техника мен 120 өрт сөндіруші аттанды. Бұған қоса ЛТД-Тұрмыс мекемесінің 4 су бөшкелі техникасын пайдаландық.»
Жүздеген метр жерді шарпыған қызыл алауды сөндіру үшін мол су қажет болды. Сондықтан теміржол цистернасымен су әкелуге тура келген.
Құтқарушылар 25 минутта тілсіз жаудың алдын алып, 1 сағатта толық сөндірді. Абырой болғанда адамдар зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.