Оңтүстік бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Сондықтан да білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет саласындағы нысандар саны артып келеді. Биылдың өзінде 67 білім нысаны тапсырылады деп жоспарлануда. Ал өңірдегі 929 елдімекенді инфрақұрылыммен қамту кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бір өкініштісі, облыста «Ақбұлақ» бағдарламасы тоқтап қалған.
Ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтуды көздеген бағдарламаға тұсау болған — жер асты суларының жоғы. Бұған дейін Кеңес одағы кезіндегі мәліметтерге сай су құбыры тартылып келген. Алайда, «Ақбұлаққа» бөлінген қыруар қаржы желге ұшып, су шықпай қалған. Ауылдықтарға тіршілік нәрін тасып ішуден басқа амал қалмаған. Оңтүстікте 929 елдімекен болса, оның 667-сінің ғана халқы таза су ішеді. Ал 150 ауылдың жерасты суларын барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_YmbMxojRJ4[/youtube]
Арман Абдуллаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «262 елдімекенге құбыр тарту керек. 45 елдімекен шалғайда орналасқан. Басымы мал шаруашылығымен айналысады. Ол жерге құбыр салу экономикалық тиімді емес деп есептейміз. Одан кейін 64 елдімекенді топтасқан су жүйелеріне қосу жоспарымыз бар.»
Облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтің әлеуетін көтеруге көзделген. Қаржының тең жартысы халыққа инфрақұрылым жеткізуге жұмсалады деді өңірдің бас есепшісі. Биыл Бәйдібек-Созақ аудандарына газ тарату стансасы пайдалануға беріледі екен. Айта өтейік, күнгейде 315 елдімекен табиғи газбен қамтылып үлгеріпті. Ал қалғандарының көгілдір отынмен қамтылуы келер жылдың еншісінде.
Арман Абдуллаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Қалып отырғаны — 614 елдімекен. Оның 330-н Шымкент газ құбыры арқылы қамту керек. Ал қалған 284-ін Бейнеу-Бозой арқылы қаржыландырамыз деп жоспарлап отырмыз. Өздеріңізге белгілі, өткенде біз Бейнеу-Бозой бойынша агрестер салып жатырмыз деп айттық. Соның барлығы біткеннен кейін аудан орталықтарынан бастап, елдімекендерді кезең-кезеңімен газдандырамыз, қаржы бөлеміз.»
Бұдан өзге өңірдің таза табысы 17 млрд теңгеден асады. Ал өндіріс орындарының нәтижесінде жергілікті бір теңгеге 18 теңге артығымен инвестиция түседі. Бұл дегеніңіз — Оңтүстіктің экономикасы өндіріс орындарының көмегімен артып тұр. Төртінші билік өкілдерінің алдында кіріс пен шығысты есептеген Арман Абдуллаев жыл санап бюджет көлемінің артып отырғанын жеткізді. Тек өкініштісі, шетелдік инвесторлардың қаржы көзін құюдан бас тартқаны болып отыр. Оның салдары межелеген жоспарға жеткізбеуі мүмкін.
Десе де облыстық бюджетті алдағы екі-үш жылға жоспарлап қойған басқарма басшысы күнгейде күн көріс деңгейі артқанын айтты. Одан бөлек балық шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Болашақта ауыл шаруашылығы өнімдерімен бүкіл елді асырауға қауқарымыз жетеді деді басқарма басшысы. Айтпақшы, Бәйдібек пен Созақта және Түркістанда жасанды су қоймасы салынып жатыр. Яғни, егістік көлемінің ұлғаятынына сенім бар.