Кентаулықтар да Астана қаласының күніне тарту жасады. Кенді шаһарда су жаңа екі нысан ашылды. Бірі қаладағы индустриалды аймақта ашылған, қуаты 6300 кВт электр станциясының іске қосылуы болса, екіншісі — кәсіпкерлік мектебі.
Мереке құрметіне орай іске қосылған электр стансасы аймақта ашылған кәсіпорындарды төмен бағада жарықпен қамтитын болады. Бұл туралы Кентау трансформатор зауытының бас директоры Серғазы Күнтуаров мәлімдеді. Айтуынша, подстанцияның бірінші кезеңінің құрылысы толық біткен. Құрылғыларын трансформатор зауыты қойған. Әрі жаңа технологиямен салынған.
Болашақ кәсіпкерге жол сілтеп, алғашқы құқықтық және заңды кеңес беретін, сауатын ашатын кәсіпкерлік мектебінің ашылу салтанатына кентаулықтар көп жиналды. Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Олжас Тоғаев өңірде кәсіпкерлерге жасалған жағдайды тілге тиек етті. Астана күніне тарту ретінде ашылған мұндай ғимараттар өзге өңірлерде жоқ деді. Мектеп ашыла сала бірнеше тұрғынға кәсіпкерлік сауатын арттырғанын растайтын сертификат табысталды.