Мүгедек кісі емханада тапаншадан оқ атты

395
Фото: //n71.ru

Шымкентте ІІ топтағы мүгедек ауруханада науқастарды қарумен қорқытқан. Оқыс жағдай облыстық тері-венерологиялық диспансерінде болды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Емдеу орнындағы дәрігерге көрінуге келген 47 жастағы зейнеткер кезекке таласып, әлдебір жанмен ерегісіп қалады. Содан кейін ол еш ойланбастан қалтасындағы пневматикалық тапаншасын суырып алып, әлгі жанға доқ көрсете бастаған.

Суық қаруды көрген науқастар бірден шу шығарады. Дәрігерлер дереу полицияға хабар береді. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары зейнеткерді сабырға шақырмақ болғанда, ол балағат сөздермен жауап қайтарған.

Мұнысымен қоймай қсына жақындаған жанды тапаншамен атып өлтіремін деп қорқытыпты. Соңынан, тіпті, батылдық үшін бір-екі рет жерге қарай оқ атқан.

Дегенмен, бейбіт күннің «терминаторы» ақыры ұсталды. Ол 47 жастағы ІІ топтағы мүгедек әрі зейнеткер болып шықты.

Күдіктіден айғақты зат ретінде «Смерч» тапаншасы мен жиналмалы шаппа тәркіленіп, Еңбекші полиция бөліміне жеткізілді. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жанжал кезінде ешқандай науқас зардап шеккен жоқ.

Бұған қоса полицейлер отбасының шырқын бұзған азаматта ұстады. Түнгі сағат 23:00-де Қаратау полиция бөлімінің кезекшісіне Қайнар бұлақ саяжайындағы отбасылардың бірінде жанжал болып жатқаны туралы суыт хабар түседі.

— Көрсетілген мекенжайға келген инспекторлар ұрыс-керістің саяжайда мұғалім болып істейтін 32 жастағы азаматшаның үйінде болғанын анықтайды,- дейді ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Салтанат Қаракөзова: — Сол азаматшаның бұрынғы күйеуі отбасылық ұрыс кезінде қолына пышақ алып, бөлмелердің бірінің есігін жауып отырып алады. Содан кейін газ баллонының аузын ашып, өзіне-өзі қол жұмсаймын деп қорқытқан.

Ер кісі бұрынғы әйелінен 70 мың теңге қарызын талап етіп отыр. Әйтпеген жағдайда газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытады.

Ер кісі өзінің әрекетін жүзеге асыра бастаған кезде Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлері үйдің фанер қабырғасын бұзып кіріп, бұзақының қолына кісен салады. Отты да өшіріп үлгереді.

Абырой болғанда бұл оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі таңда ұсталған азамат қамауда жатыр. Тексеру-тергеу ісі жалғасуда.