Мүмкіндігі шектеулі жандар енді халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Өйткені өңірде мемлекеттік қызметті үйде көрсету жүйесі жұмыс істейді.
Дегенмен, мүндай мүмкіндікке тек І және ІІ топ мүгедектері ие бола алады. Арнайы топқа жататын адамдар үйден екі елі аттап шықпай-ақ құжаттарын рәсімдей алады. Мұндай қызметтердің ішінде мекенжай анықтамалары, жылжымайтын мүлікті растайтын құжаттар, тұрғын үйге кезекке тұру, зейнетақы қоры туралы анықтамалармен қатар куәлік рәсімдеу сияқты 275 қызмет түрі бар.
Дәурен Мәуленов, халыққа қызмет көрсету орталығының мониторинг бөлімінің маманы: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар алдымен бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуы тиіс. Орталық мамандары сұранысты қабылдап, 10 минут ішінде өтінімдерді облыстық халыққа қызмет көрсету мекемесіне жібереді. Оны біз қабылдап алып, аудандық немесе қалалық бөлімдердегі белгіленген мобильдік топтарға жолдаймыз. Ол жақтың мамандары хабарламаны қабылдап, танысып, өтініш иелерімен хабарласады. Уақытын, күнін белгілеп, қызмет түрін көрсетеді.»
Енді бұл қызметке қол жеткізу үшін бар болғаны 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу керек. Осыдан кейін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары 3 тәуліктің ішінде жұмысыңызды тындырып береді. Айта өтейік, Оңтүстікте 52 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 230-ы 2013 жылдан бері мемлекеттік қызметтерге үйден шықпай-ақ қол жеткізіп келеді.