Оңтүстікте шыбын-шіркей қаптап кетті

тұрғындар шыбын-шіркейден қорғану үшін тұмшаланып жүр

Шыбын-шіркей шырғалаңға салды. Оңтүстіктің бірқатар аудандарына ұшатын ұсақ жәндіктер қауіп төндіріп тұр. Әсіресе, Отырар өлкесіндегі жағдай мәз емес.

Мамандар осының кесірінен мал арасында қатерлі кеселдер өршіп кетуі әбден мүмкін деп ескертеді.  Тіпті, адамдарды да азапқа салған жәйттер болыпты. Осындай жағдайға байланысты тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері дабыл қағып отыр.

тұрғындар шыбын-шіркейден қорғану үшін тұмшаланып жүр
тұрғындар шыбын-шіркейден қорғану үшін тұмшаланып жүр

Таң атқаннан кеш батқанға дейін Ерлан Алтанов бет-аузын тұмшалап жүруге мәжбүр. Сарыкөл ауылының тұрғыны тірлігін тек торлы қалпақпен істейтінін айтады. Олай етпеске амалы жоқ.

Осыдан екі апта бұрын шыбын-шіркей талап тастапты. Үсті-басы бөртіп кеткен ол дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Дәрі-дәрмектен ем болмағасын ақырында жақпамен жағдайым қалыпқа келді дейді ағасы.

Ерлан Алтанов
Ерлан Алтанов

Ерлан Алтанов, Сарыкөл ауылының тұрғыны: «Шірке деген мезі етті бізді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін денемізді шағып тастайды. Біз түгілі малдың да мазасы қашқан. Шаққаннан көздері ісіп, көре алмай қалды. Кішкентай балалардың өзі көшеге шығудан қалды. Жалаңбас жүрсе болды, бастарын шыбын-шіркей шағып тастайды, барлығының бастары жара-жара болып, ауырып жүр. Енді бұдан құтылудың амалын қалай табарымызды білмейміз?!»

көлшіктердің маңы да шыбыннан көз ашпайды
Көлшіктердің маңы да шыбынға толы

Отырар ауданында шіліңгір шілденің ыстығы шыдатпай барады. Сары топырақ, сары далада жанға сая таппайсың. Енді ол аздай шыбын-шіркейдің қаптауы шырғалаңға салды дейді сарыкөлдіктер.

Сыр бойы мен Көксарай су қоймасының аумағын ұшатын ұсақ жәндіктер жайпап кеткен. Камераның объективіне іліне бермейтін шыбын-шіркей дария мен қойма жағасын жағалаған ауыл жұртын азаптап отыр.  Халық күндіз көп жағдайда көшеге шықпауға тырысатын көрінеді.

Майра Халықова, ОҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы: «Шыбын-шіркей күндіз белсенді болады. Кешке жақын, қараңғы түскенде олар тығыла бастайды. Ал тұрғындар алқапқа барып жұмыс жасайын деп, бастарына қалпақ, торларды киіп жатыр. Бірақ жәндіктер оған қарамай, киімнің ішіне еніп, шағып үлгеруде. Шаққан кезде жаңағыдай өзінің стимулин деген улы ферменті бар, ол адамның аллергиялық ауруын қоздырып жібереді.»

Адамдарды азапқа салғанынан бөлек малға да қауіпті кесел жұқтыруы әбден мүмкін дейді мамандар. Ғалымдардың болжауынша, төрт түлік арасында сібір жарасы, оба сияқты қатерлі дертті тасымалдағыш келеді екен. Осыны ескерген ветеринария қызметкерлері ауданда аурудың алдын алу жұмыстарын атқарыпты.

Ербол Сейітқазы, Отырар аудандық ветеринариялық қызметі мекемесінің басшысы: «Аудандық әкімнің қорынан қаржы бөлініп, соған залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. 800 шаршы метр жерге, шіркейлер көп ұшатын тоғай, мал жайылымын қамтыдық.  Оған 4 млн теңге жұмсалды.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7ux1XQjhMVE[/youtube]

Дегенмен, тұрғындар мен төрт түліктің амандығы үшін 4 млн теңге, әрине, жеткіліксіз. Ғалымдар мен мамандар қазір шыбын-шіркеймен күресудің тиімді тәсілдерін ойластырып жатыр. Облыста дернәсілдердің ошағын жоюға орта есеппен 100 млн жуық теңге қажет. Қаржыны ертерек қарастырмаса, қатерлі жағдай өлкеде өршуі мүмкін дейді санитарлар.