Оңтүстік Қазақстан облысында жалпыұлттық телекөпір барысында трактор зауыты іске қосылды. Салтанатты шараны Елбасының өзі бақылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында Оңтүстік Қазақстанда трактор зауытының алғашқы желісі іске қосылды. Бұған қоса елімізде тұңғыш рет жүзеге асқан «Оңтүстік» индустриялды аймағының тұсаукесері өтті.
Жылына бес мың трактор шығарылатын зауытқа 7 млрд теңге инвестиция тартылған. 400 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отырған жоба индустрияландыру картасы шеңберінде Корея Республикасының инвесторларымен бірге іске асты.
Енді, барлығы сәтті жүзеге асса, «Kioti» тракторлары отандық шаруалардың техникалық мүмкіндіктерін біршама арттыра түспек. Телекөпір барысында мемлекет басшысына республикада алғаш бой көтерген «Оңтүстік» индустриялды аймағының қызметі де көрсетілді.
Бүгінде аталған аймақта жалпы сомасы 76,8 млрд теңгені құрайтын 72 жоба іске асуда. Мұнда бюджеттік бір теңгеге 13,2 теңге жеке инвестиция тартылып отыр.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы мен Созақ ауданында индустриялық аймақтар жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін қосымша 6 аудан-қалада осындай аймақтар іске қосылады деп күтілуде. ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде бірқатар кешенді шаралар іске асуда.
Екінші бесжылдықта индустрияландыру картасына құны 845 млрд теңгені құрайтын 104 жаңа жоба енгізілді. Тиісінше 19 мың жұмыс орны ашылатын болады.
Жалпы, облыс көлемінде әкімдік деңгейінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылдың I жартыжылдығында 17452 жаңа жұмыс орны ашылды.