Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде 2015-2016 оқу жылына мектеп оқушыларын оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдармен қамту мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Оған Қазақстанның білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нюсупов қатысты.
Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімдерінің меңгерушілері, «Атамұра», «Мектеп», «Алматы кітап», «Арман ПВ» сынды баспалардың өкілдері шақырылған жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов жүргізді.
Аталған жиында хабарлама жасаған облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Альбина Елшиева Оңтүстікте оқушылар санының жыл сайын артып келе жатқанын тоқталып, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд 326 млн теңге бөлінгенін айтты.
Қосымша 1 млрд 410 млн теңгенің қажет екені анықталып, оның 925 млн теңгесі облыстық қазынадан бөлінсе, қалған 484 млн 898 мың теңге аудан, қалалардың бюджеті есебінен шешіледі. Сондай-ақ, оқулық әзірлейтін 12 баспамен 104 келісім-шарттың түзілгені хабарланып, дайын өнімді тасымалдауда кездесетін мәселелерге назар аударылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов оқулықтар мәселесінің 20 тамызға дейін шешіліп, барлық білім мекемелеріне тасымалдап беру жөнінде жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Мәжілістен кейін аудандар мен қалалардағы білім бөлімдері оқулық дайындайтын баспалармен екі жақты келісім-шарт жасасты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі