Ордабасы ауданында ірі жобалар жүзеге асуда

593

Ордабасы ауданының экономикасы ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты. Сондықтан болар, «Оңтүстік» ақпарат орталығына келіп, төртінші билік өкілдеріне есеп берген аудан әкімі агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласына кеңінен тоқталды.

Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша ірі қара мал шаруашылығын межеден артық дамытып отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі енді-енді аяғынан тұрып жатқан өнеркәсіп саласындағы жетістіктерді тізіп шықты.

Осы уақытқа дейін экономикасы ауыл шаруашылығы саласындағы табыспен өлшеніп келген Ордабасы ауданының жаңа тынысы ашылды. Мұнда шағын және орта кәсіп нысандары көбейген. Ірі әрі республикада теңдесі жоқ кәсіпорындар да осында орын теуіп жатыр.

Бірі «Аделя» жылыжайы болса, екіншісі — ҚазКиоти ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты. Екеуін де Елбасының өзі тұсауын кесті. Соңғысын тікелей көпірде іске қосты. Бірден 300 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорынды аудан басшысы локомотивті жобаға теңеді.

vlcsnap-2015-07-07-16h36m09s108 Самат Сапарбаев, Ордабасы ауданының әкімі: «Телекөпірде бір желісі ғана іске қосылды. Ол — бұйымдарды құрастыру цехы. Оның қосалқы бөлшектері шетелден келеді. Осы жерде тек қана құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал тамыз айында толық іске қосылады.»

Ауданның коммуналдық мәселесі сын көтермейді. Ауызсуды сағаттап ішіетін ауыл-аймаққа қарағанда, тіршілік нәрін тасып ішетіндерінің саны көп. Ал табиғи газбен қамтылу көрсеткіші — небәрі 7-ақ пайыз.

Мұны көгілдір отын магистралының аудан аумағынан өтпегенінен дейді Самат Айдарханұлы. Десе де алдағы жылдары жұртты табиғи отынмен қамтудың көздеп отырған жергілікті билік былтырдан бастап тартылып жатқан Бейнеу-Бозай газ құбырының пайдасы тиетініне сенімді.

Сондай-ақ, Ордабасы ауданында үш ауысымды мектептің мәселесі шешімін таппаған. Керек десеңіз, Шұбарсудағы Нұрлыбеков мектебінің оқушыларының биыл төрт аусымда оқу қаупі бар. Мұндай жағдай Достық ауылдық білім ордасында да орын алып отыр.

Десе де облыстық бюджет есебінен қабырғасы қаланған Ұялыжар ауылындағы 120 орынды балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Көкарал, Шұбарсу, Боралдай ауылындағы мектептер жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі.

Ауданның экономикалық және әлеуметтік жағдайымен таныстырған әкім жәрдемақы алатын халықтың санын азайғанын жеткізді. Бұл жұрттың тұрмыстық деңгейі көтеріліп жатқанынының негізі деп түйіндеді.