Шымкентте полиция қызметкері Бадам өзенінде батып бара жатқан адамды құтқарып қалды. Оқыс оқиға 2015 жылдың 7 шілдесі күні кешкі сағат 18:00 шамасында болған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=T7iJGstl15E[/youtube]
Жергілікті тұрғындардың бірі Бадам өзенінде батып бара жатқан адамды көріп, полицияға хабар береді. «102» телефоны арқылы рацияға келіп жеткен хабарламаны ести сала жол-патрульдік полициясының қызметкері Сапархан Ақбаев Бадам өзенінің бойын жағалай бастайды.
Сәлден соң-ақ тереңге батып бара жатқан жас жігітті көрген сержант ойланбастан киімімен суға секіріп кетеді. Шомылып жүрген жас жігіттің аяғы тартылып қалып, судан шыға алмай қалған екен. Сол мезетте келіп жеткен полиция сержанты Сапархан Ақбаев болмаса, жағдайы қалай болары тек бір Аллаға аян еді.
— Кешкі сағат 18:00 шамасында Бадам өзенінің маңында патрульдік қызмет атқарып жүрген кезімізде «102» телефоны арқылы бізге Бадам өзенінде суға батып бара жатқан адам туралы хабарлама келіп түсті,-дейді ОҚО ІІД ӘПБ ЖПП инспекторы, полиция сержанты Сапархан Ақбаев. — Сол маңда қызмет атқарып жүргендіктен, бірінші болып оқиға орнына біздің топ жетті. Судың ағысы күшті, өздігінен шыға алмай жатқан жігітті көріп, ойланбастан бірден суға секіріп түстім. Баланың аяғы тартылып қалған екен, денесінен ұстап, жағаға алып шықтым. Бұл — біздің күнделікті жұмысымыз, адамдарға көмек қолын созып, әрқашан қызмет етуге даярмыз.
Судан аман қалған 18 жасар Фарух Ташметов күн ыстық болғандықтан, суға түсіп алайын деп ойлағанын, суға түскеннен кейін аяғы бірден тартылып, қалып шыға алмай қалғанын айтады. Дер кезінде келіп, ажал аузынан құтқарған полиция қызметкеріне алғысы шексіз екенін білдірді.
Болатбек Иманалиев, жол-патрульдік полициясы полкі командирінің орынбасары, полиция капитаны: «Қазіргі таңда құтқарылған бозбаланың жағдайы бір қалыпты, өміріне ешқандай қауіп жоқ. Негізі ол шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен. Жергілікті тұрғындардан сұранатынымыз, арнайы орындар болмаса, шомылуға тыйым салынған, ағысы қатты жерлерге шомылмаңыздар дегіміз келеді.»
Сапархан Бегімқұлұлы Ақбаев ішкі істер органында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әкесі Бегімқұл Ақбаев — зейнетке шыққан полиция майоры, көп жылдар бойы Жетісай қаласында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарған. Әке жолын қуған Сапархан бүгінде өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтын жан екенін дәлелдеді.