Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов Сарыағаш курорттық аймағында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Бүгінде Сарыағаш демалыс аймағын халықаралық деңгейге жеткізу мақсатында жаңа жоба әзірленуде. Тың жоба жүзеге асса, 600 га аумақта өзіндік сәулеттік келбеті қалыптасатын, тынығушылар үшін демалып-сауығуға ыңғайлы, заманауи стандартқа сай, 1500 орынды куроттық қалашық бой түзейді.
Бұл үшін кәсіпкерлер жеке-дара оқшауланбай, бірге жұмыс жасауы керек. Көгалдандыру мен бассейндер құрылысын бастауға облыс қазынасынан қаржы бөлініп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, аумақта инфрақұрылым тартылып, арнайы су жүйелері салынбақ.
Алдағы уақытта Шымкентте бой көтеретін жаңа әуежай мен теміржол, автовокзал курорттық аймақты дамытуға тың серпін беріп, Сарыағашқа жүрдек пойыздар мен арнайы автобустар қатынайды деп күтілуде.
Жиын барысында іскер азаматтарға осы жоба кеңінен таныстырылып, олар аталған жоспарға ерекше қызығушылық танытты. Осындағы кейбір кәсіпкерлердің минералды суларды бассейндерге қолданатынын айтқан өңір басшысы мұны дұрыс емес деді. Өз кезегінде кәсіпкерлер кәріз жүйелерін салуға көмек сұрады. Ал олар айтқан бұйымтай мен өзге де тың бастамалар жобада жан-жақты қарастырылған.
Енді Сарыағаштағы шипалы су әр санаторийге жеке-жеке тасымалданбай, орталықтандырылған жүйе арқылы таратылмақ. Сонымен қатар емдік-сауықтыру орындары мен курорт аумағында балаларға арналған аттракциондар салу, сауда қатарларын шығыс стилінде қайта құру да қарастырылған.
Осы және өзге де жайттарға кеңінен тоқталған А.Мырзахметов кәсіпкерлерге тек облыс емес, республикамыз үшін маңызды жобаны бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Ал бұл бастамаға кәсіпкерлер бірауыздан келісімін берді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оған облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев жетекшілік ететін болды.
Демалушылар үшін қолға алынатын жобаның алғашқы кезеңі биыл басталмақ. Осылайша билік тарапынан қолға алынған тың тірліктің нәтижесінде Сарыағаштың брендке айналған шипалы суы Оңтүстікке туристерді көптеп тартуға зор мүмкіндік ашпақ.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі