Шымкент халқы айт намазына бас иді

750

17 шілде күні 29 тәулікке созылған қасиетті Рамазан айы аяқталып, әлемдегі барлық мұсылман қауым үшін Ораза айты мейрамы басталды. Осыған орай таңмен таласа еліміздің барлық мешітінде айт намазы оқылды. Бұл күні жамағат айт мейрамын тойлап, осы күнге аман-есен жеткендеріне Аллаға шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектерін білдіреді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=PhsLN_M0cs0[/youtube]

Алдағы үш күнде әрбір мұсылманның шаңырағында дастархан жайылып, қонақ шақырылады. Бұл күндері қайырымды іс жасаған әрбір мұсылманға үлкен сауап жазылады. Сонымен қатар жоқ-жітік пен жетім-жесірге қол ұшын созған дұрыс. Себебі қасиетті Рамазан береке мен бірлік, қайырымдылықтың айы болса, Ораза айт адамдардың жан дүниесін қуанышқа бөлейтін ұлық мереке деп саналады. Шіліңгір шілдегеге тұспа тұс келген Оразада парызын өтеушілер 17-18 сағат бойы ауыз бекітті.

Айт намазы Шымкентте сағат 07:00-де оқылды. Уәжібін орындау үшін Алла үйіне ағылғандардың қарасы көп. Ал пітір садақа намазға дейін беріледі.

Сапархан Оспанов, қала тұрғыны: «Биыл күн ыстық болды. Құдайдың жәрдемімен шықтық. Аллаға шүкір, ниет қабыл болсын!»

Бұл күні мешітке жаяу келген абзал. Сондай-ақ келген жолмен қайтпай, басқа жолмен жүргеннің де сауабы мол.

Еркебұлан Қарақұлов, облыстық мешіттің наиб-иамаиы: «Мешітке бір жолмен барып, екінші жолмен қайтудың себебі — мұсылмандардың арасындағы мейірімділік, сүйіспеншілікті арттыру. Өйткені бірін-бірі құттықтайды. Мейірімділік пен сүйіспеншілік артқан сайын бірін-біріне құрмет пен сый артады. Ол артқан сайын мұсылмандардың арасында бірлік пен ынтымақ болады. Бұған Алланың сауабы молынан жауады. Өйткені қасиетті Құранда «Алланың дініне берік болыңдар, бір болыңдар, жік-жікке бөлінбеңдер» деген аят бар.»

Үш күн бойы тойланатын Ораза айты мейрамы — адамдардың көңіліне нұр сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Хадисте кикілжің болған мұсылмандардың қайсысы жасы мен лауазымына қарамастан бірінші кешірім сұраса, сол жәнәттқа кіреді делінген.