Шымкентте жас жігіт дүкен тонаймын деп жүріп, әрекеті айдай әлемге жария болды. Оның жүрісі іштегі бейне-бақылау камерасына жазылып қалған.
Тапа-тал түсте дүкенге кірген жігіт қожайынның жоқ екенін көріп, бірден суырмаларды ашып ақша іздей бастайды. Оның бұрын осы жерге келіп жүргені байқалады. Ол еш бөгелместен ақша тұруы мүмкін сөрелер мен суырмаларды қарап шыққан.
Бірнеше минут ішінде жарты дүкенді ақтарған ол бар болғаны екі мың теңге тапқан. Осы сәтте сыртқы есік ашылғанда ұры тығылып қалады. Одан кейін түк болмағандай сыртқа шығып кеткен.
Есік алдында жеке күзетшілер оның не үшін жүргенін сұрағанда, «Жай» деп жауап беріпті. Іштен шыққанын ешкім байқамай қалған. Тек, өзі сезік тудырып, жүгіре жөнелгенде күзетшілер ұстап алады.
Қазір күдікті ішкі істер бөліміне жеткізіліп, тексеру ісі жалғасуда.